Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
05.04.2017

Мәжіліс электр энергетикасы мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады


Астана, 5 сәуір. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті.

Онда депутаттар электр энергетикасына қатысты түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Талқылау барысында электр қуатының бағасын төмендету жайына айрықша көңіл бөлінді. Мәжіліс Спикері заң жобасы Елбасының Ұлт Жоспарының 51-қадамында берген тапсырмасын орындауға бағытталғанын алға тарта келіп, мұнда екі негізгі мәселе бірегей шешімін табуы керектігін атап өтті. Олар: Энергия тасымалдаушы ұйымдарды ірілендіру және халық үшін электр энергиясының тарифін төмендету. Осыған орай Мәжіліс Төрағасы:

-Мәселенің ашығын әрі турасын айту керек, заң жобасының алғашқы нұсқасында аталған мәселелерді шешудің тиімді тетіктері қаралмаған. Өңірлік энергетикалық компанияларды ірілендіру (ӨЭК) бойынша тек 27 компания ғана біріктірілген. Алайда, Мәжілісте депутаттар құжатты әзірлеушілермен,  «Атамекен» өкілдерімен етене байланыс орната отырып, аталған сала ұйымдарын шынайы  ірілендіруді және тұрғындар үшін энергия бағасын төмендетуді жүзеге асыратын мүмкіндікті тапты. Алдағы уақытта осындай сындарлы іс-қимыл жалғасын тапса, делдалдар аз болған сайын, тариф те төмен әрі халыққа да пайдалы деген қарапайым қағиданы қанағаттандыратын сапалы заң жобасы дайындалары сөзсіз,-деді.

Талқылау барысында көңіл аударылған өзекті сұрақтың бірі – иесіз қалған электр желілері. Оны шешудің басты жолы инвентаризациядан өткізу. Заң аясында жергілікті атқарушы органдар сот арқылы осы иесіз қалған объектілерді өз балансына алып, одан кейін өңірлік желілік компаниялардың балансына бермек. Заң жобасы аясында сондай-ақ,  электр энергиясын беру қызметіне қойылатын талаптарды сақтамағаны үшін жауаптылық белгілеу,  ерекше пайдалану шарттары бар электр беру желілерінің күзет аймақтарын белгілеу, тұрғын үй кешендерін салушылардың балансындағы электр желілерін мамандандырылған энергия беруші ұйымдарға беру рәсімі мен тәртібін айқындау, энергия беруші ұйымдарды ірілендіруге немесе біріктіруге ынталандырудың нысандары мен тетіктерін кеңейтуді  көздейтін түзетулер енгізілді.

Осы күні халық қалаулылары тарапынан оң бағасын алған құжаттың бірі зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты. Бүгінгі күні экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту мақсатында инновацияны өндірісте қолдану аса өзекті. Осы орайда, Н. Нығматулин:

-Елбасы ғылыми әзірлемелерден практикалық тиімділікке жетуді міндеттеп отыр. Ал отандық бизнес осы әзірлемелердің негізінде бәсекеге қабілетті өнімдерді нарыққа шығаруы керек. Инновациялық жаңалықтарды өндірісте қолдану Елбасы Жолдауында айтылған экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғыртуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді,-деп атап өтті.

Заң жобасы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына және Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелікке кіруіне орай, Қазақстанның және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің патенттік заңнамасын үйлестіруге, сараптама ұйымы және авторлық құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғауды және сақтауды ұсыну үрдістерін жетілдіруді көздейді. 

Мәжіліс осы күні әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне арналған, сонымен бірге баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша  маңызды заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Жалпы отырыс соңында бірқатар халық қалаулылары құзырлы орындарға депутаттық сауалдар жолдады.

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі