Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
20.04.2017

Мәжілісте ҚХА депутаттары қазақ тілінің аясын ғаламтор кеңістігінде кеңейту мәселесін талқылады


Астана, 20 сәуір.Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясының депутаттық тобының отырысында Елбасы белгілеп берген рухани жаңғыру бағдарламасында тілдерді дамытудың маңызы мен ерекшелігіне назар аударылды.

«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында  Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің мемлекеттік тапсырмасымен 2016 жылдың 5 қыркүйегінде «Тіл әлемі» порталы, «Emle.kz» сайты, «Termincom.kz» және «Atau.kz» сайттары іске қосылған болатын.  Депутаттар осы сайттардың бүгінгі қызметі, техникалық жетілдіру жайы, қоғамға  тигізіп жатқан пайдасы, әлеуметтің пікірі жөнінде біліп, жұмыс жоспарымен танысты.

Отырыстың кіріспе сөзінде депутаттық топ жетекшісі, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов Елбасы белгілеп берген рухани жаңғыру бағдарламасында тілдерді дамытудың маңызы ерекше  екендігіне тоқталды.

Депутаттық топтың отырысында аталған жобаларды әзірлеген Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов баяндама жасады. Баяндамада аталған интернет-ресурстардың бүгінгі жайы, жұмыс барысы, даму қарқыны, техникалық жетілдірілуі және орталықтың алдағы жұмыс жоспары жайында әңгімеленді.

Парламент Мәжілісінің депутаттары Анар Жайылғанова, Фахриддин Қаратаев, Шаймардан Нурумов, Бейбіт Мамраев, Ахмет Мурадов, Құдайберген Ержан, Екатерина Никитинская, Сауытбек Абдрахманов сөз сөйледі. Олар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында латын әліпбиіне өтуді 2025 жылдан бастауды тапсыруына байланысты туындайтын міндеттерге тоқталды. Е. Тілешов Мәжіліс депутаттарының осы және басқа мәселелер бойынша қойған көптеген сұрақтарына жауап қайтарды.

Депутаттық топ отырысын Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары В. Божко қорытындылады.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі