Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
21.04.2017

Мәжілісте жеке меншік медицина жүйесін дамытудың жағдайы мен болашағы талқыланды


Астана, 21 сәуір, Мәжіліс Үйі. Бүгін «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңесі мен Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бірлескен отырысы өтті.

Тақырыбы - «Қазақстан Республикасында жеке меншік медицина жүйесін дамытудың жағдайы мен болашағы».

Отырысқа «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің төрағасы Ш.Өтемісов төрағалық етті.

Қаралатын мәселе бойынша, Денсаулық сақтау вице-министрі Л.М.Ақтаеваның және Мәжіліс депутаттарының, «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес мүшесі З.Аманжолованың баяндамалары тыңдалды.

Денсаулық сақтаудың мемлекеттік емес секторлары бірінші кезекте сапалы медициналық көмек көрсетумен адамдардың көңілін өздеріне аударуда, оған олар білікті мамандардың,  ауруларды емдеу және диагноз қою  барысында жаңа технологиялар мен зерттемелерді пайдаланудың және  емделушілерге жақсы қызмет көрсетудің  арқасында қол жеткізіп отыр.

Қазақстан Республикасында жеке меншік медицина жүйесі тұрақты және  серпінді дамуда.

Мемлекеттік емес медициналық ұйымдарда қызмет көрсету спектрі мен медициналық көмек көрсету деңгейі дамуда және оның потенциалы үлкен.   

Бүгінгі күні республика бойынша, мемлекеттік емес секторда барлығы - 558 емхана, 304 жеке меншік тіс клиникалары, 171 жеке меншік аурухана, 1117 жеке меншік кабинеттер мен 16 медициналық косметологиялық ұйымдар бар.

Денсаулық сақтаудың мемлекеттік емес секторындағы ұйымдар  санының өсуінің жағымды тенденциялары байқалады, тіркелген медициналық ұйымдардың жалпы санына қатысты мемлекеттік емес сектор ұйымдарының үлесі өсуде. Бүгінгі таңда  бұл көрсеткіш отыз пайыздан жоғары.

Медициналық жеке меншік секторында кадрлық потенциалдың өсу үрдісі байқалады.

 Денсаулық сақтаудың мемлекеттік емес секторы ұйымдарында кепілдікті көлемде тегін медициналық көмек көрсету саны өсуде. Бәсекелестік ортаны дамыту бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде денсаулық сақтаудың мемлекеттік емес секторының ТМККК қызметін көрсетуі 36,7%  дейін өсті.

Отырыс барысында, Қазақстан Республикасында денсаулық сақтаудың мемлекеттік емес секторының дамуына кедергі болып отырған проблемалар анықталып талқыланды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика, Әділет, Қаржы министрліктерінің басшылары, республикалық және өңірлік деңгейде денсаулық сақтау саласында қызмет көрсететін ассоциациялардың және басқа да қоғамдық  ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кеңес отырысының нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына тиісті ұсыныстар қабылданды.

 

(Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі