Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
24.04.2017

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Қарулы күштер қызметіне көңіл бөлінді.


Астана, 24 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Қарулы күштерінің қызметі туралы» тақырыбында үкімет сағаты өтті.

Елбасы құрған Қазақстан Қарулы Күштеріне биыл 25 жыл толады. Осыған байланысты, бүгінгі Үкімет сағатында еліміздің Қарулы Күштерінің құрылуы мен қалыптасу жолдарына шолу жасалып,  Қарулы күштер қызметінің Қазақстанды дамытудың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына сәйкестігіне талдау жасалды.

Шараға ҚР Парламенті вице-спикері Владимир Божко төрағалық етті.

Тақырып төңірегінде баяндама жасаған Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов қарулы күштердің құрылымы, жоғары әскери дайындық және  қабілеттілік, армияның техникалық жабдықталуы, әскери білім жүйесін дамыту, жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, жауынгерлер мен олардың отбасыларын әлеуметтік қорғау, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері туралы жан-жақты баяндады.

Сөз соңында Қазақстан Қарулы Күштерінің мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға қабілетті, қуатты армия екендігін сеніммен айта келіп, шараға қатысушыларды 7 мамырда Қарулы Күштердің 25 жылдығына орай еліміздің негізгі алаңында болатын Әскери парадқа шақырды.  

Парадқа жеке құрамнан 5 000-нан астам адам, 300-ден астам әскери техника, резервті ескере отырып, 80-ге дейін ұшу аппараты тартылады деп күтілуде.  

Қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен  Әшімбаев егемен еліміздің әскери қызметшілерін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жиырма бес жылдығымен құттықтай келіп,  отандық армиямызды қалыптастыру және нығайтудағы Елбасы, Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген үлкен еңбегін, бейбітшіл еліміздің қорғанысын нығайтуға үнемі назар аударып келе жатқандығын ерекше атап өтті.

-Ал Қазақстан Парламенті мемлекетіміздің әскери қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз ету үшін заңнамалық базаны қалыптастыруға елеулі үлес қосуда. Депутаттар бұдан ары қарай да мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігінің кепілі болып табылатын еліміздің Қарулы Күштерін нығайту үшін  қажетті шаралардың барлығын жасайтынына сенімдімін,-деді М. Әшімбаев.  

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)  

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі