Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
10.05.2017

Мәжіліс ратификациялық заң жобаларын мақұлдады


Астана, 10 мамыр, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында Мәжіліс ратификациялық заң жобаларын мақұлдады.

Олардың қатарында Азия Даму Банкімен Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бар.  Бұл ратификациялық құжат Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы шеңберінде «Ақтөбе - Мақат» автомобиль жолын реконструкциялау жөніндегі жобаға қатысты. Келісімге сәйкес,  Азия Даму Банкі біздің елге  ұзындығы  299 километрге жуық екі жолақты автомобиль жолдарының учаскесін реконструкциялауға 240 300 000  доллар мөлшерінде қарыз береді. «РФ шекарасы (Орскіге қарай) – Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы (Астраханьға қарай)» автомобиль жолының «Ақтөбе – Мақат» учаскесін реконструкциялау мемлекетаралық және сауда қатынастарының кеңеюі және тереңдеуі үшін мүмкіндіктер туғызады, Каспий маңындағы аймақтарға Қытай, Ресей нарықтарына және Оңтүстік - Шығыс Азия елдеріне шығуға жол ашады, өйткені ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне қосылатын болады.

Осы күні Палата мақұлдаған тағы бір заң жобасы ол Ресеймен авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау. Келісімде әрбір тарап өзінің іздестіру және құтқару ауданында тәулік бойы кезекшілікті жүзеге асыратын авиациялық іздестіру-құтқару қызметтерін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, әрбір тарап  өзінің жауапкершілік аймағында іздестіру-құтқару операцияларын жүзеге асыру кезінде туындайтын шығыстарды өздері дербес көтереді.

Жалпы отырыста  жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобасы жұмысқа қабылданды.

Ал, Қырғыз Республикасымен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, теміржол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану туралы келісімді, сонымен бірге, Өзбекстанмен Қазақстан-өзбек мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерi туралы келiсiмге 2006 жылғы  4 қыркүйектегі хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобалары бойынша бейінді комитеттерге корытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды.

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі