Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
18.05.2017

Мәжілісте жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері таныстырылды


Астана, 18 мамыр. Мәжіліс Үйі.

Бүгін, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының таныстырылымы болды. Оның жұмысына вице-спикер Гүлмира Исимбаева қатысты. Шараны Әлеуметтік мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев жүргізді.

Құжатпен депутаттарды Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев таныстырды.

Заң жобасы «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» 78-қадамын іске асыру мақсатында әзірленген, онда «Назарбаев Университетінің тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін сатылай кеңейту. Халықаралық практикаға сәйкес жекеше жоғары оқу орындарын коммерциялық емес ұйымдарға трансформациялау» көзделген.

Заң жобасымен жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін мынадай жолдар арқылы кеңейту ұсынылады:

- жоғары оқу орындарына: студенттерді қабылдау тәртібін дербес анықтау, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар санының арақатынасын белгілеу, білім беру бағдарламаларының, оқу жоспарларының және пәндер оқу бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын анықтау бойынша құзыретті – академиялық дербестікті беру;

- жоғары оқу орындарына: жұмысқа жалдау, мамандықтар мен дайындау бағыттары (білім беру бағдарламалары) бөлінісінде студенттер санын қалыптастыру мәселелерін дербес шешу; жоғары оқу орындарының академиялық құрылымды айқындауы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде бірлескен заңды тұлғаларды қоса алғанда, жаңа заңды тұлғалар құру құқығын беру; теңгерімді салық салу қағидатын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздерден кірістерді тарту бойынша құзыретті – басқару дербестігін беру.

Заң жобасын талқылауға Парламент Мәжілісінің депутаттары, білім және ғылым, ұлттық экономика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау вице-министрлері орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, Парламентте өкілдері жоқ саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және сарапшылар қатысты.

Енді заң жобасы Мәжілістегі депутат Жәмила Нұрманбетованың жетекшілігіндегі жұмыс тобында талқыланады.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі