Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
22.05.2017

Мәжіліс-«Нұр Отан»: Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дуалды оқытуды енгізу талқыланды


Астана, 22 мамыр, Мәжіліс үйі

 

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Нұр Отан» Партиясының сайлауалды бағдарламасының «Білім» бағыты бойынша  Комиссиясының «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дуалды оқытуды енгізу» деген тақырыпта отырысы өткізілді.Оның жұмысын депутат Әбдіманап Бектұрғанов жүргізді.

Шараға Парламент депутаттары, Комиссия мүшелері, Еңбек және әлеуметтік даму вице-министрі, уәкілетті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың өкілдері қатысты.

Қаралып отырған мәселе бойынша  негізгі баяндаманы Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова жасады. Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова қосымша баяндап берді.

   Қазіргі уақытта дуалды оқыту 2433 кәсіпорынның қатысуымен 
421 колледжде енгізілді, оған 27187 студент қамтылып отыр. Жалпы техникалық және кәсіптік білім беру контингентінің ішінен 489 мың адам 213 мамандық бойынша (703 біліктілік бойынша), 27,1 мың студент (5,5%) 80 мамандық бойынша (160 біліктілік бойынша) дуалдық оқытумен қамтылған.

   Дуалды оқыту шеңберінде ТжКБ ұйымдары, облыстық білім басқармалары, кәсіпорындар және Ұлттық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арасында үшжақты және төртжақты меморандумдар, ынтымақтастық туралы келісімшарттар жасалды.

2015 жылы 2269 кәсіпорынмен  5211 үш-төртжақты келісімшартқа қол қойылды, оның шеңберінде 2402 арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері, оның ішінде 784-і дуалды оқыту бойынша біліктіліктерін арттырды және  тағылымдамадан өтті,   

Сонымен қатар 2014 жылдан бері дуалды оқыту жүйесі бойынша Жол картасы 11 басым салалар, 85 мамандық және 145 біліктілік бойынша іске асырылуда. 1872 кәсіпорын Жол картасының қатысушылары болды және 389 ТжКБ ұйымдарымен 22 958 студент кадрларды бірлесе даярлау жөніндегі шартты қабылдады.

Дуалды оқытуды дамыту үшін бірқатар заңнамалық актілерге «дуалды оқыту» ұғымын, мүдделі тараптардың құзыретін және тәжірибеден өтуді білім беру бағдарламаларында 60 пайызға арттыруды айқындау бөлігінде тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Салық кодексінде (133-бап)   кадрлар даярлауға қатысушы кәсіпорындар үшін оларға – салық салынатын кірістің 3 пайызынан аспайтын жалпы сомасы, спонсорлық және қайырымдылық көмек шығыстары мөлшерінде салық салынатын табысты азайту құқығын беру бөлігінде салықтық жеңілдіктер көзделген.

Осылайша, отырыс барысында еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру және дуалды оқытуды дамыту мәселелері бойынша жан-жақты әңгіме болды, осы мәселе бойынша әртараптың пікірлері тыңдалды.

Отырыс қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты әрі қарай жетілдіру жөнінде ұсынымдар қабылданды.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі