Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
08.06.2017

Мәжілісте салықтық және кедендік әкімшілендіру перспективалары жайында дөңгелек үстел өтті


Астана, 8 маусым,Мәжіліс Үйі.

Бүгін,  Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсованың жетекшілігінде «Салықтық және кедендік әкімшілендіру перспективалары»,- деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

Ұлттық экономика министрлігі салалық министрліктермен бірлесіп және «Атамекен» палатасын қоса алғанда бизнес-қоғамдастықпен тығыз өзара іс-қимылда жаңа Салық кодексінің редакциясын әзірлеуде сол жайында  Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов «Жаңа Салық кодексіндегі салық саясаты» деген тақырыппен баяндама жасады.

«Жаңа Салық кодексі қолданыстағыдан мүлдем басқа құрылымымен, жаңа идеологиясымен ерекшеленеді, ал оның мазмұны жеңіл болады. Онда көлеңкелі экономика бойынша шаралар көрініс табады, бірқатар жеңілдіктер жүйеленеді, ал жер қойнауын пайдалану ынталандырылады. Бұдан басқа, шағын және орта бизнес және агроөнеркісіп кешені субъектілері үшін бірқатар шарттар жеңілдетіледі және қосымша режим ұсынылады. Әкімшілендіру қарапайым болады және ынталандыруға тірек жасалынатын болады. Жаңа Салық кодексінің негізгі ерекшеліктері осындай»,- деп бастады вице-министр.

Ары қарай аталған өзгерістерді талдады:

«БІРІНШІ. Жаңа Салық кодексінің құрылымы.

Бірінші жалпы бөлімде жалпы ережелер және әкімшілендіру мәселелері, ал екінші бөлімде – салық төлеушілердің жекелеген санаттары бойынша жазылатын болады (жеке және заңды тұлғаларға салық салу, жалпыға бірдей декларациялау бойынша ережелер, жер қойнауын пайдалану, арнаулы салық режимдері, арнайы экономикалық аймақтар, инвестициялық преференциялар).

ЕКІНШІ. Идеология.

Идеология адал салық төлеушінің мүдделерін қорғауға бағытталатын болады.

Біріншіден: барлық түсініксіздіктер мен дәлсіздіктер салық төлеушінің пайдасына түсіндірілетін болады. Аталған қағида салық дауларын әділ қарауға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күнгі жүйе салық заңнамасында олқылықтар болған кезде салық органдары салық төлеушінің шын мәнінде дұрыс ұстанымын қабылдамайтындай болып құрылған.

Екіншіден: егер салық төлеуші салық органының кейін ол бойынша ұстаным өзгерген түсіндірмесіне сәйкес әрекет еткен болса айыппұлдар мен өсімпұлдарды қолданбау ұсынылады.

Үшіншіден: қайта есептеулердің негізділігіне талаптар күшейтіледі. Енді салық тексерістерінің актілерінде тиісті негіздемелер болуы тиіс.

Төртіншіден: заңнаманың өзгерістерін зерделеу үшін бизнеске көбірек уақыт берілетін болады. Түзетулерді
1 шілдеден кешіктірмей қабылдау ұсынылады.

Бесіншіден: жыл ішіндегі көптеген түзетулерден қорғаныс пайда болады. Барлық туындаған түзетулерді біріктіріп бір заң жобасымен енгізу ұсынылып отыр. Бұл бизнеске Салық кодексінің барлық өзгерістері туралы хабардар болуға мүмкіндік береді.

ҮШІНШІ. Мәтіннің жеңіл тілі.

Мәтіннің тілін жеңілдету, баптар арасындағы сілтемелерді азайту, мәтіннің кодексте және заңға бағынысты актілерде қосарлануын болдырмау ұсынылады. Сондай-ақ, бірнеше жылдар ішінде көптеген түзетулер барысында жоғалған бірыңғай жазу стилі қолданылатын болады.

ТӨРТІНШІ. Көлеңкелі экономика бойынша шаралар.

Біріншіден, салық қайтарымдылығы жекелеген салаларда және жағдайларда ынталандыру арқылы ұлғайтылатын болады. Бұл – тиімсіз салық жеңілдіктерін алып тастау, мемлекеттік кіріс органдарының ақпараттық жүйелерін жетілдіру, уәкілетті мемлекеттік органдардың деректерін пайдалану.

Екіншіден, электронды шот фактуралар кеңінен қолданылатын. Салық төлеушіде әкімшілендіру кезінде бірқатар артықшылықтар пайда болады.

Үшіншіден: шағын және орта бизнес үшін есеп жүргізудің оңайлатылған тәртібі бар режим белгілеу ұсынылып отыр, онда салық базасы кірістер мен шығыстардың арасындағы айырма ретінде айқындалады. Бұл сондай-ақ жалпыға бірдей декларациялауды енгізуге байланысты.

Төртіншіден: капиталды жылыстатуға қарсы халықаралық ұсынымдар енгізілетін болады. Бұл трансұлттық пайданы айқындауға, пайыздарға салық салуға қатысты.

Бесіншіден: қосарланған босатуды жою бойынша шаралар ұсынылады. Халықаралық тәжірибеде тиісті бақылаудың болмауынан трансұлттық салық төлеушілер бір рет емес екі рет салықтан босатылады.

Бесінші. Жеңілдіктер.

Жеңілдіктерді жүйелендіру бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі. Аталған кезеңде бірқатар жеңілдіктерден бас тарту ұсынылады. Оларға ойын автоматтарының қызметтері, лотерея билеттерін, мемлекетті почталық төлем белгілерін өткізу, почта маркілерінің импорты бойынша айналымдарды босату жатады. Сондай-ақ, Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына қайшы келетін жеңілдіктер алынып тасталады.

Отандық қор нарығын белсендіру мақсатында КАSЕ-де акцияларды бірінші жария орналастыруды жүзеге асырған эмитенттер үшін бірінші жылға корпоративтік табыс салығы бойынша 18%-дық төмендетілген мөлшерлеме көзделіп отыр.

Сондай-ақ, проблемалы активтерді сатудан түскен шартты табыстарға корпоративтік табыс салығын салмау ұсынылады.

Аукционнан алынатын алым және кеме жүзетін су жолдарын пайдаланғаны үшін төлем алынып тасталады, себебі мемлекет аталған жағдайларда қызметтер көрсетпейді және рұқсаттанамалар бермейді.

Шағын және орта бизнестің белсенділігін ынталандыру үшін лицензиялық алымды лицензияларды растау үшін төлемге ауыстыру (төлеу – жылына 4 рет бірқалыпты) және мөлшерлемелерді қалалардың санаттарына байланысты белгілеу ұсынылып отыр.

АЛТЫНШЫ. Жер қойнауын пайдалану.

Негізгі өзгерістер геологиялық барлауды ынталандыруға бағытталған.

Қазіргі уақытта барланған қорлардың көлемі шамалы ғана, ал пайдалы қазбалардың әлемдік бағалары төмендеп кетті. Барланған кен орындарының 90%-на келісімшарт жасалып қойған. Осыған байланысты, жаңа перспективалық учаскелерді ашу қажет.

Каспий қайраңында мұнай өндірудің жоғары әлеуетін ескере отырып, теңіз және терең кен орындарына жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы салықтары мен төлемдерінің орнына қаржы нәтижесіне арналған салықты қолдану бойынша преференциялық салық режимін ұсыну жоспарлануда.

Сонымен бірге салық төлеушінің жер қойнауын пайдаланушының жалпыға бірдей белгіленген тәртібінде қалу құқығы сақталады.

Сондай-ақ, көміртусек шикізатын өндіру үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемесін төмендету үшін кен орындарының тереңдігі бойынша қосымша өлшемшарт белгілеу ұсынылады.

Қатты пайдалы қазбаларды барлау үшін жылдам геологиялық барлауды жүргізуді ынталандыратын жалдау төлемдерінің тетігі енгізіледі.

Табысты барлауды ынталандыру мақсатында барлық келісімшарттар бойынша коммерциялық табу бонусын алып тастау жоспарлануда.

ЖЕТІНШІ. Арнаулы салық режимдерін реформалау.

Патент режимін сақтау ұсынылады. Бұл ретте мөлшерлеме 1%-ға дейін төмендейді. Бұл әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар мен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы аударымдарын енгізуге байланысты салық жүктемесін төмендету үшін жасалынып жатыр.

Оңайлатылған декларация бойынша заңды тұлғалар және жеке тұлғалар үшін кірістің бірыңғай көлемін белгілеу ұсынылып отыр. Бұл ретте 2020 жылдан бастап аталған режим кірістер мен шығыстардың есебінің оңайлатылған режиміне ауыстырылатын болады (бекітілген шегерім режимі).

Салық базасы кірістер мен шығыстар арасындағы айырмашылық ретінде анықталатын болады.

Бекітілген шегерімдерді қолдануда 3 жыл анықталмаған шығыстар бойынша, еңбек ақы қоры бойынша, есепшілердің жалақысы және жылдам амортизациға құқық беріледі. Келесі үш жыл ішінде шығыстарды растау үшін сыйақы (шегерім) берілетін болады.

Салық төлеушілерге режим таңдауға құқық беріледі.

Жалпыға бірдей белгіленген режим бұрынғы түрінде сақталады.

Аграрлық сектор үшін ынталандыру шаралары ұсынылады.

Біріншіден, шаруа немесе фермер қожалықтары үшін бірыңғай жер салығы бойынша режимнде (БЖС) қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша шектеуді алып тасталды, яғни шаруа немесе фермер қожалықтары - қосымша құн салық төлеушілер бірыңғай жер салығы бойынша режимін қолдануға құқылы болады.

Еңбек ақы қорына жүктелімді төмендету үшін шаруа немесе фермер қожалықтарының басшысы, мүшелеріне және жұмыскерлеріне әлеуметтік салықты алып тастау ұсынылып отыр. Бөлек есеп жүргізумен басқа да қызметтер түрін жүзеге асыруға рұқсат берілетін болады.

Еіншіден, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін арнаулы салық режимiнде Дүниежүзлік сауда ұйымы (ДСҰ) талаптарына қарама-қайшы келетін ҚҚС бойынша кейбір жеңілдіктерді алып тасталады.

Олар үшін қосымша құн салығының мөлшерлемесін 4 (%) пайызға дейін төмендету түрінде қолдаудың балама шарасы қарастырылатын болады.

Үлестес тұлғаларға арнаулы салық режимiндерін қолдану бойынша шектеу алып тасталады.

Біз қазір салық саясаты бойынша осындай негізгі бағыттарда жұмыс жасап жатырмыз.

Осы жұмыс шеңберінде қазіргі уақытта Салық кодексі жобасының мәтіні Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен талқылқыланып жатыр»,- деген вице-министр:

«Жаңа Салық кодексінің жобасы, Тұжырымдама және таныстырмалы материалдар Ұлттық экономика министрлігінің сайтында орналастырылған.

Күн сайын соңғы талқыланған мәтін нұсқасы «Атамекен»  Ұлттық кәсіпкерлер палатасына өз мүшелеріне жіберу үшін жолданады және министрлігінің сайтында орналастырылады.

Жаңа Салық кодексінің тұжырымдамасы egov.kz  электронды үкімет порталында орналастырылған»,,- деп баяндамасын қорытты.

Сонымен бірге, отырыста Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов «Салықтық әкімшілендіру перспективалары», «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов «Жаңа Салық кодексі шеңберіндегі ұсыныстар»,- деген мәселелерді таратып айтып берді. (Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі