Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
13.06.2017

Н. Нығматулин Грузия Президенті Г. Маргвелашвилимен кездесті


Астана, 13 маусым, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазастанға ресми сапармен келген Грузия Президенті Гиоргий Маргвелашвилимен кездесті.

ЭКСПО көрмесінде Грузия Ұлттық күнінің салтанатты ашылуынан кейін бірден Мәжіліске келген мәртебелі мейманға Н. Нығматулин халықаралық көрмеге көрсеткен қолдауы үшін шынайы алғысын жеткізді.

Биыл екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Осы уақыттар аралығында қос мемлекет  арасында сындарлы байланыс орнап, ол жыл сайын тереңдеп келеді.

Мәжіліс Спикері атап өткендей, Грузия Президентінің бұл жолғы сапары өзара ынтымақтастыққа тың серпін беретін болады.

Н. Нығматулин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Грузиямен тату көршілік, достық, тарихи тамырластық аясында барлық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударатынан алға тарта келіп, саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы тұрақты даму үдерісін сөз етті.  

                Экономикалық ықпалдастық төңірегінде Палата Төрағасы өткен жылы екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымының 41 млн. долларды құрағанын айтып, екі ел әлеуетін ескере отырып, сауда айналымын арттыру қажеттілігіне тоқталды.

Сонымен бірге, Мәжіліс Төрағасы Грузияның Аджария мен Маңғыстау облысы арасында тікелей экономикалық байланыстар орнату бастамасының маңыздылығына тоқталып, Мәжіліс екі елдің тиімді ынтымақтастығын тиісті заңнамалық құжаттармен қолдауға дайын екенін білдірді.

Өз кезегінде Грузия Президенті Қазақстанға жеткен сәттен бастап көрсетілген қонақжайлылық үшін шексіз ризашылық білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты күшейтудің мүмкіндігі зор екенін атап өтті. Гиоргий Маргвелашвилидің пікірінше, осы жолда парламентаралық әріптестіктің рөлі өте зор.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісінде депутат М. Айсина жетекшілік ететін Грузиямен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топ жұмыс істейді.

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі