Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
19.06.2017

Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті


Астана, 19 маусым, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті.

Онда ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі» атты Конституциялық кеңес Жолдауын жария етті.

Айтуынша, аталған жолдау қамтыған бір жыл ішінде  Қазақстан мемлекеттілігі мен оның конституциялық дамуы айтулы оқиғаларды бастан өткерді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекеленіп, конституциялық реформа жүргізілді. Жолдауда аталып өтілгендей, 2017 жылғы конституциялық реформа Қазақстанның ең дамыған отыз елдің қатарына кіруі жолындағы қоғам мен мемлекетті жан-жақты жаңғыртудың заңды кезеңі. Еуропа кеңесінің құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясы (Венеция комиссиясы)  2017 жылдың 10 наурызындағы 110-жалпы сессиясында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасы бойынша оң қорытынды берген.  

Күн тәртібі бойынша келесі кезекте Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айуынша 2016 жылға арналған бюджеттің атқарылуы жұмыс орындарын ашу мен кәсіпкерлікті ынталандыру арқылы экономиканы жандандыруға бағытталған.

Бюджеттің кірістері 7,7 триллион теңгені құрады, ол 2015 жылмен салыстырғанда 1,5 триллионға артық.

 Шығыстар 98,3 пайызға атқарылып, 1 триллион 338 миллиард теңге өсіммен игерілген.

Алдағы уақытта бюджет заңнамасын жетілдіру мақсатында бюджет процессіндегі әкімшілік кедергілерді жою, мемлекеттік орган бюджет қаражатын игере алмайтын жағдайда ол басқа әкімшілікке Үкімет шешімімен қайта бөлу, квазимемлекеттік сектордың шоттарында жатқан қаражаттарды қолдануды регламенттеу, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға жеке инвесторларды тарту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жоспарлау рәсімдерін оңтайландыру жұмыстары қолға алынбақ.  

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебі мен Есеп комитетінің қорытындысын Парламентте жыл сайынғы талқылау республикалық бюджет қаражатының тиімділігін арттыруға елеулі үлес қосып, елдегі бюджет процесін жетілдіруге ықпал етіп отырғанын айтты.

Ағымдағы жылдан бастап Есеп комитеті негізгі шығыстар бойынша республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалауды жүргізетін болады.

Бірлескен отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин  Елбасы жүргізген конституциялық реформаға байланысты Парламент Регламентіне өзгерістер енгізілуі қажеттігін, осыған орай Регламент жөніндегі бірлескен комиссия құрылатындығын атап өтті.

Парламент Регламентінің 87-тармағына сәйкес Мәжіліс пен Сенаттың өз отырыстарында тағайындалған тиісті өкілдерін негізге ала отырып, бірлескен комиссияның құрамы бекітілді. Комиссия құрамына Сенаттан  А. Бейсенбаев, М. Бортник, Д. Кәлетаев, Г. Ким, Мәжілістен  С. Абдрахманов, Н. Әбдіров, В. Косарев, А. Перуашев бар.

Бірлескен комиссияның төрағасы болып  Парламент Сенатының депутаты Асқар Бейсенбаев сайланды.

 

 (Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі