Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
27.06.2017

Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы таныстырылды


Астана, 27 маусым. Мәжіліс Үйі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде  Әлеуметтік мәдени-даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраевтың жетекшілігінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасының тұсаукесерін өтті.

Заң жобасын ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі БАҚ және телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс салаларындағы, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қоса алғанда басқа да проблемалық мәселелерді реттеу мақсатында әзірлеген. Заң жобасы бойынша негізгі баяндаманы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жасады.

«Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құрылғанда Елбасы министрлікке бірқатар міндеттер жүктегені белгілі. Соның ішінде, отандық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, осы саладағы мемлекеттік саясатты тиімді жүргізу, ақпараттық кеңістігімізді нығайту айрықша аталып өтті. Бұлардың барлығы - ел мүддесі жолындағы кезек күттірмейтін мәселелер екені анық. Осы міндеттерге сай Министрлік бүгінгі күнге дейін жоспарлы түрде бірқатар шараларды жүзеге асырды»,- деп бастады сөзін министр.

«Өткен жылдан бері елімізде мемлекетке қарасты барлық телеарналарда, газеттер мен интернет-ресурстарда толық жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру бойынша түбегейлі өзгерістер жасалды. Отандық медиа өнімдердің көлемі ұлғайып, сапасы да артты.

Әрине, бұл шаралардың барлығы ақпарат саласындағы оң өзгерістердің қарқындауына айтарлықтай ықпалын тигізді. Дегенмен, бүгінгі заманның ағымы мұнымен қоса тағы бір маңызды мәселені қолға алуды талап етіп отыр. Ол -  осы саладағы заңнаманы жетіл­­діру.

Осыған сай Министрлік «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасын әзірледі.

Біз жобаны талқылауға тұтас қоғамның қатысуына мүмкіндік жасадық. Арнайы жұмыс тобы құрылып, оған осы саладағы беделді ұйымдардың, бизнес қауымдастықтың өкілдері, журналистер мен сарапшылар кірді. Атап айту керек, талқылаудың жоғары деңгейде өтуіне жұмыс тобы құрамында Парламент Мәжілісінің депутаттары да белсенді атсалысты.

Осындай ашық талқалаудың арқасында заңның нұсқасы жаңа ұсыныстармен толықтырылды.

Тұтастай алғанда, аталған заң жобасы шеңберінде 12 заң мен 4 Кодекске 200-ден астам түзетулер енгізу жоспарланып отыр.

Жалпы, 200-ге жуық ұсыныс берілсе, соның 70%-ы ескеріліп, құжатқа енгізілді»,- деп мәлімдеді ведомство басшысы.

«Соның ішінде ең алдымен азаматтардың құқығын ескеру,  әсіресе балаларды қорғау, мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылды.

Сонымен қатар, телеарналарда белгіленген уақыт аралығында мемлекеттік тілдегі жарнамалардың үлес салмағының 50 пайыздан кем болмауы, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда көпшіліктің тек отандық телеарналарды көруін қамтамасыз ету мәселелері де қамтылып отыр. Бұған қоса отандық арналарды көрсетпейтін, «серые тарелки» деп аталып кеткен спутниктік құрылғылардың таралуын құқықтық тұрғыдан реттеу көзделуде. Интернет пен жаңа технологиялардың дамуына байланысты өзгерістер де ескерілді.

Түптеп келгенде осының барлығы - ақпараттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені.

Осы орайда, Сіздердің қолдауларыңызға сүйене отырып, халықтың игілігіне қызмет ететін тиімді заң қабылданады деп сенемін»,- деп қорытты минситр Д.Абаев.

Тұсаукесерге БАҚ-ның, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен өкілдері, журналистер, сарапшылар, қоғам қайреткерлері, саяси партиялар мен қозғалыстардың, қауымдастықтардың, сондай-ақ ақпараттақ технологиялар, байланыс, телерадиотарату және коммуникациялар салаларының мамандары қатысты.

Заң жобасын талқылауда Парламент Мәжілісі тарапынан депутаттар, осы заң жобасын қарау бойынша құрылған жұмыс тобының мүшелері, осы жұмыс тобының жеткшісі, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамыраев болды.

 

Тұсаукесерде айталған барлық ұсыныстар мен ескертулердің бәрі жұмыс тобының отырыстарында заң жобасын талқылаған кезде қаралатын болады.

 

(Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі