Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
30.06.2017

Алтыншы сайланған Парламенттің екінші сессиясы аяқталды


Астана. 30- маусым. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті.

Күн тәртібінде бір ғана сұрақ. Ол алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті екінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул туралы.

Ол жөінінде баяндама жасаған Мәжіліс төрағасы атқарылған жұмыстарға  есеп беріп, болашақ жоспарлармен бөлісті.

Атап өткендей, алтыншы шақырылған Парламенттің екінші сессиясы өте маңызды және тарихи кезеңде өтті. Мәселен, Тәуелсіз Қазақстанымызға 25 жыл толды. Халқымызда «Елу жылда  ел жаңа», - деген қанатты сөз бар. Ал біз елу жыл емес, 25 жылдың ішінде барлық қиындықты жеңіп, дамыған елдердің қатарына кірдік.

Бұл Елбасының көреген саясатының, батыл қадамдарының, тарихи шешімдерінің және оған қолдау көрсеткен халқымыздың бірлігінің арқасында келген үлкен жеңіс,-деп атап өтті Н. Нығматулин.

Осы мерейтой қарсаңында Парламент депутаттары Президенттің тарихи тұлғасын ашатын, егемен еліміздің даму жолын көрсететін, келешек ұрпақтарға мұра болып қалатын, маңызды құжат – «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы»  Декларациясын  қабылдады.

Ал, еліміздің жаңа даму кезеңі -ірі  конституциялық реформадан басталды.

Ол жеткен табыстарымызды және мықты президенттік билікті сақтай отырып, демократияны одан әрі нығайтуға, халықтық билікті күшейтуге  және Үкімет пен Парламенттің жауапкершілігін арттыруға жол ашты. Өз сөзінде Мәжіліс Төрағасы:

-Осы теңдессіз конституциялық реформа - Қазақстанымызды әлемдік абыройға жеткізген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әрқашанда халықпен бірге болып, тарихты бірге жасайтын салиқалы саясатының жемісі.

Бұл өзгерістерді - біздің депутаттарымыз - жоғары сенім мен және Елбасымыздың, халықтың, мемлекеттің алдындағы зор жауапкершілігі деп қабылдады,-деді.  

Осындай өте жауапты кезеңде Парламент депутаттары Елбасының екінші сессияның ашылуында алға қойған стратегиялық тапсырмаларын, биылғы Жолдауда, «Қазақстан – 2050 Стратегиясында»  көрсетілген міндеттерді заңдық тұрғыдан қаматамсыз ету үшін ауқымды жұмыстар атқарған.  

Атап өтер болсақ, екінші сессияда қос Палатаның 6 бірлескен отырысы, Мәжілістің 38 және Сенаттың 25 жалпы отырыстары өтті.

Бұл кезеңде Парламент қарауында 111 заң жобасы болса, оның 84-і қабылданды.

Олардың ішінде 15 заң жобасына депутаттар өздері бастамашы болды.

Парламент қабылдаған 66-заңға бүгінгі күні Президенттің қолы қойылып, өз күшіне енді.

Мәжіліс Спикері атап өткендей, оның ішінде Парламент елдің сыртқы саясатын қамтамасыз етуге, халықаралық байланысты дамытуға,елдер арасындағы қызметті реттеуге басқа да салаға арналған көптеген халықаралық келісімдерді ратификациялаған.

Ал, Парламентте өткен үкімет сағаттарында,  дөңгелек үстелдерде, көшпелі отырыстарда, денсаулық саласы, ауылшаруашылығы, әлеуметтік-экономикалық, білім және мәдениет, жастар мәселелері қамтылған.  

Парламент жұмысындағы маңыздың өзгерістің бірі – ол ашықтық. Мысалы, сессия бойы Парламенттің жалпы отырыстары, Үкімет сағаттары «онлайн режимде»  көрсетілді.

Парламентте талқыланған маңызды мәселелерге қоғамдық ұйым мүшелері, Парламентке кірмеген саяси партиялар және бұқаралық  ақпарат құралдары еркін қатысып, ұсыныс-пікір айтуға барлық жағдай жасалды.

-Бұл Парламент жұмысының бұрынғыдан да ашық және сапалы болуына зор ықпал етті,-деді Мәжіліс Спикері.

Парламент депутаттары өз жұмысында заң шығарып қана қоймай, Елбасының маңызды бастамаларын ел ішінде насихаттау жұмыстарына да белсене араласқан. Олардың қатарында, Елбасының Жолдауын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру мақаласы» сында маңызды қадамдарды атауға болады.

Сондай-ақ, Парламент депутаттары көптеген республикалық және халықаралық кездесулерге, түрлі форумдарға, мәдени шараларға қатысып, қоғамдық қабылдаулар өткізіп, көшпелі отырыстар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырып, оның барлығында  еліміздің, халқымыздың саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени өміріне қатысты маңызды мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданған.

Мәжіліс Төрағасы екінші сессияның жабылуы Тәуелсіз Қазақстанымыздың абыройы артып, беделі көтерілген ерекше кезеңге тұспа-тұс келгенін де назардын тыс қалдырмады.

-Дәл қазір Елордамыз Астанада 160 жылдан астам тарихы бар,әлемге әйгілі ЭКСПО көрмесі өтіп жатыр. Осы көрмені өткізу ол өзі - кез-келген мемлекет үшін зор абырой және биік мәртебе. Бұл ең біріншіден, әлем елдерінің біздің Қазақстанға деген үлкен сенімнің және үлкен құрметтің көрсеткіші.

Бұл тұңғыш Президентіміз, әлемдік деңгейдегі  саяси тұлға Елбасымыз, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық беделінің арқасында келген үлкен жеңіс,-деді Н. Нығматулин.  

Сөзін қорытындылай келе Мәжіліс Төрағасы барша әріптестеріне, қос аппарат қызметкерлеріне, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне бірлескен табысты жұмыс үшін өз алғысын жеткізді.

Осыдан кейін күн тәртібіндегі мәселе бойынша Парламенттің Қаулысы қабылданып, ресми жабылу рәсімінде еліміздің әнұраны орындалды.



 (ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі