Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
08.08.2017

«Ақ жол» депутаты Кеңес Әбсәтіров Атырауда азаматтарды қабылдау жүргізді


 

Астана, 8 тамыз, Мәжіліс Үйі. «Ақ жол» депутаты Кеңес Әбсәтіров Атырауда азаматтарды қабылдау жүргізді. Депутаттың қабылдауына әртүрлі проблемаларымен 10-нан астам адам келді, олардың ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етушілік те, ипотекалық несиелендіру, жұмысқа орналастыру, Ауған соғысына қатысушы ардагерлер туралы естелік кітаптар басып шығару мәселелері, т.б. бар.

Өтініш жасағандардың ішінде кәсіпкерлер де болды. Олар бизнес объектілеріне инфрақұрылымды жеткізіп беруге жәрдемдесуді сұрады. Бұдан басқа, олар бизнес-ортаны жақсарту бойынша ұсыныстар айтты.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің өкілі, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Аққали «Алаш» қозғалысының идеясын насихаттау жөніндегі партияның бастамасын қолдап келді. Ол «Алаштың» 100 жылдығына арналған, университет ұйымдастырған ғылыми экспедиция туралы айтып берді, оның шеңберінде тарихшы ғалымдар, жазушылар мен журналистер Ақтөбе облысының Ойыл ауданында, Батыс Қазақстан облысының Сырым және Қаратөбе аудандарында болды. Депутат өз кезегінде осы бағытта атқарылып жатқан партияның жұмыс туралы, жас алаштанушылар арасындағы жыл сайынғы конкурс туралы, «Ақ жол» ҚДП жанындағы бір аттас Клубтың жұмысы туралы, естелік монеталарды, почталық маркаларды шығару жөніндегі депутаттық сауалдар, партияның бастамалары туралы және т.б. туралы хабардар етті.

Қабылдау барысында Әбсәтіров азаматтардың сұрақтарына жауап берді, өтініштері қаралатынын және ҚДП-ның парламенттік фракциясының алдағы жұмысында жалғасын табатынын сендірді.

Қоғамдық қабылдауды партияның Атырау облыстық филиалы Мәжіліс депутаттарының сайлаушылармен көшпелі кездесулері шеңберінде ұйымдастырды.

Бұдан бұрын Атырауда Кеңес Әбсәтіров жүнді толық циклмен қайта өңдеу фабрикасында «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-те болды. Кәсіпорын 2014 жылы құрылды және қой мен түйе жүнін сатып алумен айналысады, одан кейін олардан дайын өнім: иірілген жіп, көрпе және жылы орамалдар жасап шығарады.

Кәсіпорында шамамен 50 адам жұмыс істейді, олардың көпшілігі Атырау облысының тұрғындары. Бұл ретте технолог, иіруші әйел сияқты мамандарды кәсіпорын еліміздің басқа облыстарынан және тіпті жақын шетелден шақыруға мәжбүр. Қызметкерлердің орташа еңбекақысы 100-120 мың теңгені құрайды.

Әңгімелесу барысында ЖШС директоры Назгүл Есмаханова малшылардан сатып алынатын шикізатты сертификаттау проблемасын атап өтті. Көптеген мал иелері жүнді қолма-қол ақшамен есеп айырысу арқылы өткізгісі келеді, ал «Caspiy Lana Atyrau» есеп айырысудың қолма-қол ақшасыз нысанын ұсынады.

Бұл ретте, қызметкерлердің айтуынша, жүнді қолма-қол ақшамен есеп айырысу арқылы сатылатын шикізат, әдетте, шетелге кетеді. Кәсіпорын сауда-саттықтың мұндай нысанына тоқтау салып, өркениетті қарым-қатынастарға  көшуге талпынады.

Кездесу кезінде кадрларды даярлаудың сапасына қатысты мәселе де қозғалды. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, колледж түлектері өндіріске келгенде таңдаған мамандығының негіздеріне жаңадан үйренуге мәжбүр. Депутат дуальды оқытудың мүмкіндіктері туралы айтты және кәсіпорынды әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде білім беру ұйымдарымен серіктестік қарым-қатынас жасауға шақырды, бағдарламаларды әзірлеуге, іс-тәжірибені ұйымдастыру үшін базаны ұсынуға қатысу арқылы білім беру үдерісіне қосылуға шақырды.

Бұдан басқа, депутат К. Әбсәтіров экспортты дамыту және ілгерілету бағдарламасы сияқты құрамдас бөлікке ерекше көңіл бөле отырып, бизнесті мемлекеттік қолдаудың мүмкіндіктерін белсенді түрде пайдалануды ұсынды.

 

Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісінің Баспасөз қызметі таратты.

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі