Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
11.09.2017

Н.Нығматулин: біз латын әліпбиіне көшуге үлкен дайындықпен келдік


Астана, 11 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өтті.

Мемлекеттік тілді жаңғырту қажеттілігі, оның ішінде латын графикасына өту туралы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында атап өтті.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин өз сөзінде: «Біздің   ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз, осының барлығы, қазақ  тілінің  жаңа әліпбиін жасаудан басталады. Себебі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, қазақ  тілі – ол біздің рухани  негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру, біздің әлемдік өркениетке  жетуіміздің  басты  кепілі. Сонымен  бірге,  жаңа  әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін  өте маңызды фактор» – деді.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ерболат Досаев: «Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында латын әліпбиін енгізудің мерзімін белгілеген болатын. Үкіметтің аталған мәселені орындауға қатысты нақты көзқарасы бар. Латын әліпбиінің бірыңғай стандарты бекітілгеннен кейін оны біртіндеп енгізу шаралары қолға алынды. Ол жоспар барлық салаларды қамтиды. Себебі, тіл коммуникацияның әмбебап құралы болып саналады» - деп, латын әліпбиін меңгеру бойынша оқу-әдістемілік құралдарды, мобильді қосымшалар мен ақпараттық бағдарламаларды шығарудың маңыздылығына тоқталып кетті.

Сонымен қатар, отырыста халық қалаулылары латын әліпбиіне оралуға оң көзқарас танытып, өз пікірлерін ортаға салды.

Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманұлы: «Адам қателесуі мүмкін, қоғам қателесуі мүмкін. Тіпті заман да қателесуі мүмкін. Бірақ, уақыт қателеспейді. Уақыттан өткен данышпан болмайды. Латын жазуы уақыттың сан ғасырлық сынынан өтіп болды» - деп латын әрпіне көшу уақытының жеткенін айтса, депутат Бекболат Тілеухан: «Әліпби түгілі бір бөлмеден бір бөлмеге затыңызды ауыссаңыз да  кәдімгідей машақат. Жасыратыны жоқ, аға буынға бұл латинницаның ауырлау түсетіні жасырын емес, ал жас ұрпаққа түк емес. Және қажеттілікке саясаттың тонын кигізудің ешқандай қажеті жоқ. Ашық сана, прагматизммен келгеніміз дұрыс деп ойлаймыз. Әліппе ауыстыру астана ауыстырғаннан қиын емес. Әліппе ауыстыру жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға кілт бұрылғаннан қиын емес» - деп, латын әрпіне өтуде алаңдаушылық білдіруге негіз жоқ екенін жеткізді.   

Отырыс барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобының ұсыныстары талқыланып, әліпби жобасын әзірлеуші А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының және Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшылары,  жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, қоғамдық ұйымдар өкілдері жаңа әліпби туралы өз ой-пікірлерін білдірді. 

-Қазіргі біздің орыс тілінің негізіндегі алфавитте тіліміздегі дыбыстардан әріптеріміз екі есеге көп. Яғни бұл әліпбидің біздің ерекшеліктерімізге сәйкес келмейтіні белгілі. Сондықтан бұл латын әліпбиіне көшу емес, шындығын айтқанда латын әліпбиімізге оралу болады – деп, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек өз ойын білдірді.

                Халық қалаулылары мен қазақ зиялыларының басын қосқан отырыста  Палата спикері  тіл және жаңа әліпби мәселесінде қателікке жол беруге болмайтынына, қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші латын жазуына көшу және әлем қазақтарын біріктіретін маңызды фактор екеніне баса тоқталып өтті.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында 2017 жылдың соңына дейін жаңа графикадағы әліпбинің бірыңғай стандартын қабылдауды, ал 2018 жылы оқу әдебиеттерінде дайындықты бастау туралы міндетін қойған болатын.

 

(74-63-01, Эльмира Башеева, ақпаратты Мәжілістің Баспасөз қызметі таратты).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі