Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
18.10.2017

Мәжіліс үш жылдық бюджетті мақұлдады


Астана. 18- қазан. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.

Тәуліктің бірінші жартысында басталып, жұмыс күнінің соңына дейін жалғасқан отырыстың басты тақырыбы ««2018-ші – 2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы болды.

Еліміздің бас қаржы құжаты бойынша депутаттар алдында  Ұлттық  экономика министрі  Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, және  Ұлттық Банкінің Төрағасы  Данияр Ақышев баяндама жасады. Тимур Сүлейменов өз сөзінде әлеуметтік–экономикалық даму болжамына тоқталып,  жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2018 жылы 3,1% деңгейінде болжанып, кейіннен 2022 жылы 4,2%-ға дейін өседі. Жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсу қарқыны алдағы бес жылдық кезеңде 3,7%-ды құрайды,-деді. Республикалық бюджеттің кірісі (трансферттерді есепке алмағанда) 2018 жылы 5 528,4 млрд. теңге (2017 жылмен салыстырғанда 636,5 млрд. теңгеге ұлғаюмен), 2019 жылы – 6 403,9 млрд. теңге, 2020 жылы – 7 175,8 млрд. теңге сомасында болжанып отыр.

Ал, Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Парламент Мәжілісінің жұмыс топтары мен комитеттерінің отырыстарында заң жобасын талқылау барысында еліміздің және аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланған.  Әсіресе жаңа мектептерді салу, сумен қамтамасыз ету және инженерлік-коммуникациялық объектілерінің инфрақұрылымын дамытуды қаржыландыру мәселелеріне бас назар аударылған. Нәтижесінде, халық қалаулыларының ұсыныстары Үкімет тарапынан қолдауға ие болып, тек шығыстардың құрылымына түзетулер енгізілген. Шығыстар көлемінде ең үлкен үлес әлеуметтік салаға тиесілі болып отыр. Ол 2018 жылы 44,6 пайыздан 2020 жылы 47,4 пайызға дейін өседі.

Данияр Ақышев өз баяндамасында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық Банк барлық қажетті шараларды қабылдайтынын және бұл экономиканың ұзақ мерзімді орнықты өсуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға негіз болатынын атап өтті. 

Осыдан кейін сұрақ-жауап рәсімі басталып, үш жылдық бюджет қызу талқыға түсті. Депутаттар әсіресе, межелі мақсаттардың соңғы нәтижесіне айрықша назар аударды. Өйткені, тиісті бағдарламалар мен жобаларға жеткілікті қаржы бөлінгенмен, оның тиісті деңгейде жүзеге асырылуы көптеген сұрақтардың тууына себеп болады. Мәселен, халық қалаулылары елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын субсидиялау саясаты, маңызды бағдарламалар мен жобалардың орындалу жайы, халықты еңбек және әлеуметтік қорғау, шағын кәсіпкерлікті дамыту сияқты көптеген мәселелерді алға тартып, нақты ұсыныстары мен пікірлерін жеткізді.

Оның барлығы үш жылдық бюджетті мақұлдау барысында есепке алынды. Қорытындылай келе, Мәжіліс Төрағасы: - біз, еліміздің негізгі қаржы құжаты - үш жылдық бюджетті мақұлдадық. Бұл еліміздің тұрақты дамуы жолында Парламенттің де, Үкіметтің де атқарып келе жатқан ең жауапты, ең маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан, біз бірлесіп, Елбасымыздың тапсырмаларын басшылыққа алып, мемлекет қаржысын тиімді пайдалануымыз керек,-деді.

Отырыс барысында  Ұлттық қордан 2018-ші – 2020 жылдарға арналған  кепілдендірілген трансфертке қатысты заң халық қалаулылары тарапынан қолдау тапты.  Заң жобасы аясында Ұлттық қордан   республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері  2018 жылы – 2 600 млрд.,  2019 жылы – 2 300 млрд., 2020 жылы және алдағы жылдары 2 000 млрд. теңгені құрап отыр.

Жалпы отырыста қаралған тағы бір салмақты құжат «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» яғни Салық кодексі мен оған ілеспе заң жобалары.  

Бірінші оқылымда талқыға түскен Кодекс бойынша Мәжіліс депутаттары көптеген өзекті мәселелерге назар аударды.  Қарапайым азаматтардың  көкейінде жүрген ұрланған көлікке салық төлеу жайы да назардан тыс қалмады.  Депутаттар ұрланған автокөлік бірнеше жыл бойы іздеуде болған уақытта көлік иесінің салық органдарына үнемі салық төлейтініне тоқталды. Аталған мәселе бойынша Мәжіліс Төрағасы  мүдделі мемлекеттік органдарға автокөлік иесінің автомобиль ұрлау туралы өтініші негізінде тиісті куәлік беріп, автокөлік іздеуде болған кезеңде салық органдары көлік иесін салықтан босату туралы бірқатар ұсынысын білдіріп, осы жобаны екінші оқылымда дайындау кезінде бұл норманы жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

Айта кету керек, Кодекс жобасы Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтылған болатын. Атап айтсақ, тиімсіз салықтық жеңілдіктердің күшін жою, салықтық режимдерді оңтайландыру, салықтық-бюджеттік саясатты жаңа экономикалық ахуалға сәйкес келтіру, бизнесті «көлеңкеден» шығаруды ынталандыру.  Сондай-ақ, Заң жобасындағы шикізаттық емес сектордағы салық базасын кеңейту, салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру, арнаулы салық режимдерін реформалау, қосылған құн салығын әкімшілендіруді жақсарту мәселелеріне де айрықша көңіл бөлінді.

Біраз талқылаудан кейін заң жобалары Мәжіліс тарапынан бірінші оқылымда мақұлданды.    

Ал бүгін екінші оқылымда қаралып, мақұлданған бюджет заңнамасын жетілдіруге қатысты түзетулер бюджеттік бағдарламаларды іске асыруды оңайлатуды және мемлекеттік органдардың дербестілігін арттыруы, жергілікті атқарушы органдардың нысаналы трансферттерді іске асыруын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) жобаларын жоспарлау рәсімдерін оңайлатуды көздейді. Сондай-ақ, заң жобасымен бюджеттік рәсімдерді жетілдіруге, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингінің нәтижелері бойынша түзетулер енгізілді.

Осы күні Палата 2017-ші – 2019-шы жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулерге қатысты заң жобасын жұмысқа қабылдады.

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі