Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
19.10.2017

Мәжіліс депутаттары Павлодар облысындағы көшпелі отырысында елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды


Астана, 19 қазан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Павлодар облысында көшпелі отырысы өтті.

                Көшпелі отырыс өңірдегі елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша мәселелерімен танысу мақсатында өткізілді. 

Іссапар аясында депутаттар облыстың Павлодар, Ақсу және Май аудандарында сумен жабдықтау желілерінің салыну және топтық су құбырын қайта жөндеу барысымен танысып, сондай-ақ су құбырларын тазалайтын құрылыс объектілері мен су сорғылау стансасын аралады.

Сондай-ақ, көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша Комитеттің кеңейтілген отырысы өтті.

Іс-шараға облыс әкімі Б.Бақауов, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті, Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің басшылықтары қатысты.

Отырысты Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов ашты.

Жиында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Склярдың сумен жабдықтау жүйесін жетілдірудің өзекті мәселелері жөнінде баяндамалары тыңдалды. Сонымен қатар, тақырып бойынша мемлекеттік орталық және жергілікті органдардың, кәсіпкерлік орталардың өкілдері сөз сөйледі.

                Отырыс барысында жергілікті халықтың сапалы ауызсуға қол жетімділігі мәселелері қарастырылды.

Облыс халқының 85,3 пайызы құбыр суымен қамтамасыз етілген. Облыстың ауылдық елді мекендерінің орталықтандырылған сумен жабдықтау көздеріне қолжетімдігі 19,8 пайызды құрайды. Облыс халқының ширегінен астамы орталықтандырумен жабдықталмаған суды қолданады, оның ішінде 78 мыңнан астамы қала тұрғындары.

                Уәкілетті органның деректері бойынша қалалардағы ауызсуға қолжетімділік – 85 пайыз, ауылдық елді мекендерде – 21 пайызды құрайды. Яғни 380 ауылдық елді мекендердің  78-і ғана орталықтандырылған ауызсумен жабдықтауға қосылған (220 ауыл құбырлы шахталы құдықтардағы, ұңғымалардағы суды, 71 ауыл кешенді блок модульдерінің суын тазарту қондырғыларындағы суды пайдаланады, 11 ауыл су тасып қамтамасыз етіліп отыр). 

                Осы тұста Комитет депутаттары жоғарыдағы жағдайды ескере отырып, республикалық бюджетті қараған кезде жыл сайын сумен жабдықтау жобаларын қаржыландыруды ұлғайту туралы ұсыныс енгізіп келеді.

Республикалық бюджеттен Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде 2015 жылы қалалық және ауылдық сумен жабдықтау желілерін салуға және қайта жөндеуге 2 291 млн. теңге, ал 2016 жылы – 438 млн. теңге қарастырылған. 2017 жылы 8 631 млн. теңге қарастырылған.
2017 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы қаражаты 2 950 млн. теңгеге 134 км сумен жабдықтау желілері салынған және қайта жөнделген.

                2018 жылы республикалық бюджетте ауылды сумен жабдықтау бойынша 8,5 млрд. теңгеге (қосымша бөлінген 1 млрд. теңге сомманы есепке алумен) 22 жобаны қаржыландыру көзделіп отыр (оның ішінде 18 жоба – бұл жаңа жобалар, 4-уі – жүргізіп келе жатқан жобалар).

                Сонымен қатар, жиында қарастырылып отырған проблемаларды шешуге бағытталған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының да маңызы аталып көрсетілді. Мемлекеттік бағдарлама 6 мың шақырымға жуық шығындары көп және авария жиі болатын сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғыртуды көздейді. 2015 жылы облысқа осы Бағдарлама бойынша 1 425 млн. теңге бөлінген, ал 2016 жылы – 1 671 млн. теңге. Бағдарлама шеңберінде 2015-2016 жылдары 23,7 км сумен жабдықтау желілері салынған және қайта жөнделген.        

                Жалпы, ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтаумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін:

                1. Ауыз сумен жабдықтауға жарамды жер асты сулары қорларын бекіту бойынша іздестіру жұмыстарын жалғастыру (2017 ж. 20 ауылда, 2018 ж. 21 ауылда қорлар бекітіледі);

                2. Жобалық-сметалық құжаттаманы уақтылы әрі сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету. Су құбыры желілерінің ұзындығына қарай, ЖСҚ құнының негізсіз көтерілуіне жол бермеу (бір шақырымдық жоба құны 3-4 есеге өзгешеленіп, соңында бір жоба 600,0 млн. теңге, ал екінші дәл сондай жоба 200,0 млн. теңге болған жағдайлар бар);

3. Бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен түпкі нәтижеге жетудегі бақылауды көшейту;

4. Сумен жабдықтау жүйесі объектілерін реконструкциялау және салу кезінде құрылыс нормалары мен қағидаларына қатаң сәйкес келу, соның ішінде су құбырлары торабының ұзындығына қарай сумен жабдықтау жобалары құнын есептеу;

5. Сумен жабдықтау объектілерін реконструкциялауға және салуға қатысатын мердігер ұйымдардың жауапкершілігін қатаңдату, сондай-ақ 5-7 жылға дейін кепілдік қызмет көрсету мерзімін ұзарту. Объектілер іске қосылғаннан кейін кемшіліктер мен проблемалар шығып жатады және мердігерлерге оларды жою міндетін жүктеу;

6. Сумен жабдықтау бойынша жобаларды қосымша қаржыландыру үшін жергілікті атқарушы органдарға жергілікті бюджеттен қаражаттар қарастыру қажет.

Осының барлығы уәкілетті мемлекеттік органдардың, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың  үйлесімді жұмыс істеуі, сондай-ақ азаматтық қоғамның белсенді қатысу арқасында жүзеге асуы мүмкін.

Депутаттық корпус та өз тарапынан осы көшпелі отырыс барысында көтерілген өзекті мәселелерді шешуге бар күш-жігерін жұмсайтын болады.

                Талқылау қорытындылары бойынша тиісті ұсыныстар қабылданды.

 Отырысқа сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазақстан Су Арнасы» сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорындары қауымдастығы, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басшылықтары және Павлодар облысының жұртшылығы мен кәсіпкерлері қатысты.

 

                 (Мөлдір Мұса - 746304. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген –Гүлжан Сахова) 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі