Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
12.12.2017

Мәжілістің аграрлық комитеті: «Ішкі және сыртқы нарықтарда 2017 жылғы астық өнімін өткізу мәселелері туралы»


Астана, 12 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін, Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаровтың жетекшілігімен және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божконың қатысуымен ішкі және сыртқы нарықтарда 2017 жылғы астық өнімін өткізу мәселелері бойынша Комитеттің тақырыптық отырысы өтті.

Отырыс барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұржан Әлтаев ішкі және сыртқы нарықтарда ағымдағы жылғы астық өнімін өткізудің мәселелерін шешуге бағытталған, жоспарланып отырған іс-шаралар туралы баяндады.

Сонымен қоса, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін астықтасығыш вагондармен қамтамасыз етудің мәселелері туралы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының «Жүк тасымалы» АҚ президенті Оралхан Құлақов сөз сөйледі.

Өз кезегінде, депутаттар, аталған мәселелердің шаруалар үшін көкейкестігіне тоқталып, мемлекеттік органдарға астықтасығыш вагондармен қамтамасыз етуді, ауыл шаруашылығы өнімдерінің темір жолмен тасымалдау тарифтерін төмендетуді, астық өнімін өткізу үшін шаруаларға көмек көрсету сынды мәселелерді  жедел түрде шешу керектігін атап өтті. Аталған мәселелерді шешу аграрлық сектордың тұрақты жұмыс істеуі және еліміздің азық–түлік қауіпсіздігін айқындайтын, еліміз үшін стратегиялық маңызы бар астық нарығының дамуы тәуелді болып келеді.

Отырысқа Ауыл шаруашылық, Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму министрліктерінің жауапты қызметкерлері, «Қазақстан темір жолы Ұлттық компаниясы, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ өкілдері, сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және аграрлық сектордың бизнес қауымдастық өкілдері шақырылды.

Тақырыптық отырыс барысында депутаттар бірқатар ұсыныстар мен пікірлер білдіріп, қорытындысы бойынша тиісті Ұсынымдар дайындалатын болады.

 

(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі