Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
20.12.2017

Мәжілісте Қазақстан мен Үндістан арасындағы салық қатынастары туралы Заң жобасы мақұлданды


Астана, Мәжіліс үйі, 20 желтоқсан. Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті.

Онда Қазақстан мен Үндістан Үкіметтері арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға және оған Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасы мақұлданды.  

Заң жобасы туралы Палата Төрағасы бүгін Үндістанмен қаралып жатқан Конвенция 20 жылдан аса уақыттан бері қолданыста екеніне назар аудара келіп, осындай келісімдердің тиімділігін талдап, оларды уақытылы жаңарту қажеттілігіне көңіл бөлді.

Жалпы хаттама салықтық қатынастардың салыстырмалы тұрақтылығына кепілдік береді және кірістерге қосарланған салық салуды болғызбайды. Бұл екі мемлекет арасындағы анағұрлым тығыз экономикалық байланыстарды жолға қоюға мүмкіндік бермек.

Осы ретте, депутаттар Қазақстан мен Ирландия Үкіметтері арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған хаттаманы ратификациялау туралы Заң жобасын қолдады.

Бұл Конвенцияның мақсаты - инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау арқылы Қазақстан мен Ирландия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту болып табылады.

Сонымен қатар бүгінгі отырыста Мәжіліс әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісіп,  Қазақстан Үкіметі мен Әзербайжан Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы Заң жобасын мақұлдады.

Аталған құжаттың негізгі мақсаты - Қазақстан мен Әзербайжан елдері арасындағы халықаралық автомобиль қатынасында жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды, олардың аумақтары арқылы транзитті жүзеге асыру үшін құқықтық негіз жасау, сондай-ақ мемлекеттер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамыту және іскерлік байланыстарды тереңдету болып табылады.

Сондай-ақ, Мәжіліс ратификациялық заң жобалары бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгіледі. 

Олардың қатарында Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Орта білім беруді жаңғырту жобасы) ратификациялау туралы және Теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияға 2005 жылғы хаттаманы ратификациялау туралы Заң жобалары бар.

Айта кету керек, осы күні палата Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері М.А. Сәрсембаев пен  В.К. Фоостың өкілеттіктерін өз өтініштері бойынша мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдап, З.Х. Баймолдина мен Н.Н. Годунованы  Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне  тағайындады.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары бірқатар орталық мемлекеттік орган басшыларының атына депутаттық сауалдар жолдады. Олар Г. Бижанова, М. Магеррамов, А. Смағұлов, Е. Бектұрғанов, Н. Микаелян, З. Балиева, Ж. Омарбекова, А. Рау.

 

(74-63-01, Ақпаратты Мәжілістің Баспасөз қызметі таратты).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі