Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
22.01.2018

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мәжіліске әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша Заң жобасын таныстырды


Астана, 22 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліске Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының таныстырылымы өтті.

Отырысқа Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі - Айгүл Нұркина жетекшілік етті.

Аталған заң жобасы туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице-министрі Нұржан Әлтаев баяндама жасап, Заң жобасының ең маңызды нормаларына тоқталды. Олар, Біріншіден, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін мемлекеттің, сондай-ақ азаматтардың өздерін, отбасы мүшелерін, жеке сектордың және ҮЕҰ-дың ортақтасып әлеуметтік қызмет көрсету жолымен жаңғыртуға, азаматтарды өмірлік қиын жағдайының деңгейіне қарай категорияға бөлу, әлеуметтік қызметкерлерді даярлау және қайта даярлау жүйесін қайта қарау,  арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының және мамандарының бірыңғай тіркелімін құру, бұл сондай-ақ, арнаулы қызмет көрсетудің жаңа стандарттарын және тарифтерді белгілеу  әдістемесін әзірлеуді көздейді.

Нәтижесінде әлеуметтік қызмет көрсетуде өтініш беру принципінен анықтау принципіне өту және жеке секторды кеңейту арқылы қызмет көрсету сапасын арттыру күтіледі.

Осы мақсатта «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету тәртібін әзірлеу және бекіту бойынша уәкілетті органның құзыретін нақтылауды көздейтін түзетулер енгізілуде.

Екінші. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың қызметін формализациялау мақсатында Заң жобасында «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңдарға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын адамдар санаттарын нақтылау, Әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдарды төлеу тәртібін және мөлшерін нақтылау және т.б. бойынша түзетулер енгізіледі. Нәтижесінде әлеуметтік аударымдардың төлеушілері ұғымының мазмұнын ашып және қаржыландыру көзін анықтауға мүмкіндік береді.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің негізгі институттарының атқаратын қызметтерін шектейтін нормалар көзделген. Осылайша, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік Корпорациясының, соның ішінде «МӘСҚ» АҚ шешімімен әлеуметтік төлемдерді тоқтата тұру, жаңарту немесе тоқтату туралы және т.б. (артық есептелген (төленген) әлеуметтік төлемдерден ұсталған МЗЖ қайтарылуын қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдер, өсімдер және олардың қайтарылуы, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер және олардың қайтарымы туралы мәселелер бойынша «МӘСҚ» АҚ-мен өзара әрекеттесу) құқықтары мен міндеттерін кеңейту ұсынылады.

Үшінші. Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында көрсетілген тапсырмалардың бірі еліміздің басқа өңірлеріне көшіп, өздерінің туған жеріне қолдау жасауды қалайтын кәсіпкерлерге, шенеуніктерге, зиялы қауым мен жастардың өкілдеріне жәрдемдесу болып табылады. Бұл тапсырманы іске асыру мақсатында «Қайырымдылық туралы» Заңға қолданыстағы қайырымдылық жасау түрлерімен бірге туған жерді қолдауға және патриоттық сезіммен ерікті түрде қызмет етуге бағытталған қайырымдылық жасауды көздейтін түзетулер.

Төртінші. Заң жобасын біркелкі түсіну мақсатында төрт заңнама актісінде ауылдық жерде жұмыс істейтін әлеуметтік сала қызметкерлері үшін отын сатып алуға және коммуналдық шығындарды төлеуге әлеуметтік қолдау көрсету нормаларын біріздендіру көзделеді. Осылайша, көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдаудың атаулы болуы күшейтіліп отыр.

Президент Әкімшілігінің ұсынысы бойынша Заң жобасында арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктеріне байланысты түзетулердің жеке блогы көзделген. «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Заңға түзетулер арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері қатарынан шыққан зейнеткерлерді жерлеуге арналған біржолғы төлем мөлшерін 80 АЕК-тен (2017 жылы 181520 теңге) 3-айлық зейнетақы мөлшеріне (шамамен 360 000) дейін арттыруды көздейді.

 «Сыртқы барлау туралы» Заңға «Сырбар» қызметі жұмыскерлерінің 1 ай 1,5 ай болып жеңілдікпен есептелуге жататын қызмет кезеңін нақтылау бойынша толықтыру енгізілген.

Заң жобасындағы арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерін әлеуметтік қорғау шараларын күшейту бойынша аталған түзетулер Республикалық бюджет комиссиясының 2017 жылғы 12 желтоқсандағы отырысында қаралды және мақұлданды.

Заң жобасын іске асыруға қажетті шығыстар 2018 – 2020 жылдарға арналған республикалық бюджетте мынадай сомада көзделген:

2018 жылға – 32,0 млрд. теңге;

2019 жылға – 30,8 млрд. теңге;

2020 жылға – 29,6 млрд. теңге.

Заң жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкеп соқтырмайды.

 

(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі, суретті түсірген С. Майлыбаев)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі