Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
24.01.2018

Мәжіліс архив ісіне қатысты заңнамалық өзгерістерді қабылдады


Астана, 24 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті.

Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Осы заң жобасы комиссия құрамын лауазымдық деңгейде қалыптастыру мақсатында «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы жаңа тармақпен толықтырылды.

Жалпы Заң жобасы архив ісі саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заң жобасымен Қазақстан Республикасының 4 Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген, атап айтқанда:

- ұғымдық аппаратты, мемлекеттік архивтер көрсететін қызметтер  тізбесін, Ұлттық архив қорын толықтыру көздерінің тізімін кеңейту, сондай-ақ  банкроттық басқарушылардың архивтік құжаттарды ретке келтіруді ұйымдастыру жөніндегі міндеттемелерін бекіту мақсатында «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңға;

- архив ісі және құжаттама саласындағы уәкілетті органға электрондық құжат айналымы және электрондық архив мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді бекіту, жергілікті атқарушы органдарға – басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету, оның ішінде электрондық құжат айналымы және электрондық архив мәселелері бойынша мемлекеттік бақылауды және ұйымдастыру-әдістемелік басқаруды жүзеге асыру құзыретін бекіту бөлігінде «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Заңға;

- жеке және заңды тұлғалардың сұрау салуларын орындауды ретке келтіру мен бақылауға, сонымен қатар жасырын өтініштердің санын қысқартуға ықпал ететін жеке тұлғалардың жеке сәйкестендіру нөмірін, заңды тұлғалардың бизнес-сәйкестендіру нөмірін міндетті түрде көрсету бөлігінде «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы»  Заңға;

банкроттық басқарушының архивтік құжаттарды тиісті архивке беруі жөніндегі міндеттерін реттеу бөлігінде «Оңалту және банкроттық туралы»  Заңға  өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне мемлекеттік архивтерге ақылы негізде қызметтер көрсету құқығын беру бойынша түзетулер енгізді.

Сонымен қоса, отырыста Қазақстан мен Вьетнам елдері арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы Заң жобасы да депуттаттар тарапынан қолдауға ие болды.

Заң жобасының негізгі мақсаты - уағдаласушы мемлекеттердің ұстап беруге әкеп соғатын қылмысы үшін кылмыстық қудалауды жүзеге асыру немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындау мақсатында өзінің аумағында жүрген кез келген адамды беру саласында ынтымақтастықты жүзеге асыруы болып табылады.

Мәжіліс депутаттары осы отырыста бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Ол Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы Заң жобасы ілеспе түзетулерімен.

                Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар Б.Дүйсенбинов, Г.Баймаханова, Ж.Ахметбеков, А.Жамалов, С.Сәпиев, Ш. Хахазов, В.Косарев, Қ.Сұлтанов, Қ.Ержан, Ш.Нурумов, А.Перуашев.

 

(74-63-01, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі