Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
07.02.2018

Мәжілісте ратификациялық Заң жобалары мақұлданды


Астана, 7 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен жалпы отырыста бірқатар ратификациялық Заң жобалары мақұлданды.

                Атап айтсақ, «Теңiз кеме қатынасы қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз iс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияға 2005 жылғы хаттаманы  ратификациялау туралы» Заң жобасы қаралды. Аталған Заң жобасы бойынша Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасап, қосымша баяндамашы депутат Жанат Жарасов негізгі Конвенцияға қаралып отырған Хаттамамен енгізілетін өзгерістер Халықаралық теңіз ұйымы шеңберінде теңіз кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өзара ынтымақтастықты одан әрі үйлестіруге ықпал ететінін және тікелей халықаралық терроризмге қарсы бағытталғанын айтты.

XXI ғасырдың басынан бері халықаралық терроризм кез-келген мемлекет үшін ерекше алаңдататын, ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін мәселеге айналды. Сол жылдары теңіз кемелеріне террористік шабуылдардың жиілеп кетуіне байланысты осы Хаттамаға қол қойылған. Қазіргі кезде Қазақстанның теңіз арқылы жүргізілетін сауда-экономикалық қатынастарының дамуы жағдайында осы құжатқа қосылғанымыз өте маңызды – деді, депутат Ж. Жарасов.

Сонымен қатар, осы отырыста «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидияларды Еуразиялық экономикалық комиссиямен ерікті келісу және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруіне байланысты талқылауларды Еуразиялық экономикалық комиссияның жүргізу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңының жобасы мақұлданды.

Қаралып отырған заң жобасының мақсаттары мен міндеттері туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов толық баяндады.

Келісім 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 93-бабын және Өнеркәсіптік субсидиялар берудің бірыңғай қағидалары туралы хаттаманың 7-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді және мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидиялар беруіне байланысты мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасындағы өзара іс-қимыл тетігін, мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидиялар беруін Комиссиямен ерікті келісу, сондай-ақ мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидиялар беруіне байланысты талқылауларды Комиссияның жүргізу тәртібін айқындайды.

 

 

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин қазіргі таңда жауапты органдардың қызметкерлері ЕурАзЭҚ шеңберінде отандық өндірушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін толық қорғай алады деп айтуға болмайтынын және бұл тақырып бірнеше рет депутаттық сауалдарда көтерілгенін, сондай-ақ, отандық бизнес пен салалық қауымдастық өкілдері тарапынан да Парламентке көптеген өтініштер түскенін айтты.

Заң жобасы бойынша   қосымша баяндама жасаған Альберт Рау   Келісімде көзделген ерекшелікті субсидияларды беруге болатын өлшемшарттар қазіргі субсидиялау практикасына сәйкес келетінін, Заңның жобасын қабылдау республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржы шығындарын талап етпейтінін жеткізді.

 

Сонымен қатар, отырыста Орталық сайлау комиссиясының баяндамасы негізінде Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты өкілеттігі 1 ақпаннан бастап мерзімінен бұрын тоқтатылды.

          Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар Г. Бижанова, М. Қазбекова, Д. Еспаева, Г. Қарақұсова, О. Шишигина, А. Қоңыров,   Ш. Нурумов, А. Перуашев, Қ. Мусин.

 

(74-63-01, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі