Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
14.02.2018

Н. Нығматулин тұрғындар қауіпсіздігіне теріс ықпал ететін түзетулерге қарсы екендігін жеткізді


Астана, 14 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, онда еліміздегі  кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері туралы Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасы мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалауға, оның ішінде мемлекеттік органдардың 544 бақылау функциясының мемлекетке және тұтынушыға қауіпсіздік қатерінің тәуекелдерімен байланысты емес 137-сін алып тастауға бағытталған.

Отырыс барысында Заң жобасында азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты қызметті бақылайтын функциялардың алып тасталуына қатысты депутаттар арасында сұрақтар туындады.

Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекет пен азаматтарымыздың қауіпсіздігіне зиян келсе, қандай да бір рейтингтің қажет еместігіне тоқталып, тұрғындар қауіпсіздігіне теріс ықпал ететін түзетулерге қарсы екенін жеткізді.

Ең алдымен бұл энергетикалық нысандар, мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, су шаруашылығы салаларына қатысты болмақ.

Су Кодексіне су нысандарын есепке алу және мониторингілеуді алып тастауға  қатысты түзетулер бірқатар сұрақтар тудырады. Егер Заң жобасы осы қалыпта қабылданатын болса, онда біраз проблемалар туындауы мүмкін. Мысалы, Гидромет суды пайдалану туралы толық ақпарат алмайды. Сәйкесінше, Төтенше жағдайдың болжамы да дәл және нақты болмауы мүмкін, - деді Мәжіліс Төрағасы.

Сонымен бірге жалпы отырыста Нұрлан Нығматулин кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымға дейін зерделеу қажеттілігіне назар аударып, жауапты министрлікке сейсмикалық қауіпті аймақтағы үйлерге қатысты сақ болу керектігін ескертті. 

Сонымен қатар, осы Заң жобасында қолданыстағы «анықтау және жазалау» саясатының орнына құқық бұзушылықтың «профилактикасы мен алдын алу» саясатына көше отырып, тексерушілердің ментальдығы мен мінез-құлқын түбегейлі өзгерту мақсатында профилактикалық бақылауды енгізуге негізделген.

Заң жобасы мүдделі министрліктер, ведомстволар және қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен он екі жұмыс тобының отырысында қаралған. Жұмыс тобындағы отырыстар барысында жоба бойынша 900-ге жуық түзету келіп түсіп, Заң жобасы негізінде 13 кодекс пен 100 заңға түзету енгізу көзделген.

Сондай-ақ, бүгінгі отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы 1997 жылғы 11 сәуірдегі Табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасын мақұлдады.

Келісім профессорларға, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлерге қатысты 24 ай ішінде салық салудан босататын жаңа баппен толықтырылды. Сондай-ақ бірқатар терминдерге өзгерістер енгізілді.

Бүгінгі жалпы отырыста Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығмалулиннің ұсынысымен Палата депутаты Мұхтар Ерман Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып сайланды. Сонымен бірге, Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен партиялық тізім бойынша, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Дархан Мыңбай Мәжіліс депутаты ретінде тіркеліп, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің құрамына сайлады. Отырыс соңында Т. Сыздықов депутаттық сауал жолдады.  

 (Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-68-44, суретті түсірген Ж.Құспанов)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі