Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
21.02.2018

Мәжілістің күн тәртібінде: халықты жұмыспен қамту, көші-қон және жер мәселесі


Астана, 21 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған Заң жобасы Елбасының  тапсырмаларына сәйкес әзірленді.

Заң жобасы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова баяндап, мәжілісмендер талқылау барысында көптеген өзекті мәселелерге тоқталды.

Отырыста депутаттар арасында Заң жобасында жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қаржыландыру тетіктері және бөлінген бюджет қаражатын игерудің тиімділігін бақылау туралы мәселе туындады. Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекет қаржысы тиімді жұмсалуы керектігіне назар аударды.

Заң жобасында халықты жұмыспен қамту орталықтарына міндетті түрде жеке өзі бармай-ақ, электрондық еңбек биржасындағы жеке кабинет, электрондық пошта, «Электрондық үкімет» порталы арқылы бос орындарды тіркеудің оңайлатылған тәртібін, сондай-ақ жұмыс іздеп жүрген адамдар мен халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзара іс-қимыл жасауының көпарналы және оңайлатылған схемасын енгізу сияқты жаңашылдықтар қарастырылған.

         Сонымен қоса, Заң жобасында ұжымдық шарттардың мерзімін жаңа ұжымдық шарт қабылдағанша, бір жылға дейін ұзарту, медицина қызметкерлерінің қоса жұмыс атқаруына және оралман мәртебесінің мерзімін үш айға ұзартуға рұқсат беру, студенттер мен жоғары сыныптар оқушыларының қоғамдық жұмыстарға қатысу құқықтарын кеңейту сияқты әлеуметтік тұрғыдан маңызды нормалар бар.

Осы заң жобасы Қазақстан Республикасының 4 кодексіне және 5 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеген. Жұмыс барысында депутаттар «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы», «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 3 заңына түзетулерді қосымша енгізді. 

Бүгінгі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасында жарғылық капиталында шетелдіктердің не шетелдік заңды тұлғалардың үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беруге мораторийдің қолданылуы кеңейтіледі. Енді жарғылық капиталға шетелдік қатысудың кез келген пайызы жер учаскесіне тиісті құқықтарды ала алмауға алып келеді.   

          Осылайша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін: шетелдік жер пайдаланушыларға жалға берілмейді; барлық жеке және заңды тұлғалардың жеке меншігіне берілмейтін болады.     

       Тиісінше республикамыздың азаматтарына және шетелдіктер қатыспайтын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер уақытша жер пайдалану құқығымен ғана беріледі.

         Сонымен қатар, заң жобасы отандық жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу институтын одан әрі жетілдіруге бағытталған. Ол үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді конкурстық негізде жалға беру тәртібін егжей-тегжейлі регламенттейтін нормалар енгізіліп отыр. Конкурстарды өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жер комиссиясының құрамына мемлекеттік органдардың өкілдерінен бөлек, қоғам қайраткерлері де кіретін болады.

Заң жобасының негізгі ережелері жер комиссиясының конкурстық негізде жер пайдалану құқығын беру жөніндегі қызметін егжей-тегжейлі регламенттеу арқылы ауыл шаруашылығы жерін берудің айқын тетіктерін белгілеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің ұтымды пайдаланылуын және жер пайдаланушылардың өздеріне қабылдаған міндеттемелерді орындауын тұрақты мониторингілеуді енгізу арқылы бақылауды күшейтуге қатысты.

Бұған қоса, заң жобасында мемлекет мұқтаждары үшін –  жеке тұрғын үй құрылысын дамыту және ауыл тұрғындарын жайылымдық алқаптармен қамтамасыз ету үшін жерді алып қою мүмкін болатын айрықша жағдайлар тізбесі кеңейтіледі; қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары үшін жер беруге байланысты мәселелер қаралады; шекара маңындағы аумақтарда ауыл шаруашылығы жерін беруге қойылатын талаптар және т.б. айқындалады.

Осы айтылғандармен қатар, жарғылық капиталында шетелдіктердің не шетелдік заңды тұлғалардың үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерін жалға беруге мораторийдің қолданысы кеңейтілді. Енді жарғылық қорға шетелдік қатысудың кез келген пайызы жер учаскесіне тиісті құқықтарды алуға мүмкіндік бермейді.

Тұтастай алғанда, заң жобасында ұсынылып отырған нормалар жергілікті атқарушы органдар қызметінің жариялылығын және ауыл шаруашылығы өндірісі үшін жер беру процестерінің ашықтығын дамытуға бағытталған.

Заң жобасын талқылау барысында мүдделі мемлекеттік органдар, парламенттік емес саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің, отандық сарапшылардың және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен 400-ден астам түзету қаралды, жұмыс тобының 12 отырысы және Бас комитеттің 2 кеңейтілген отырысы өткізілді.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары бірқатар орталық мемлекеттік орган басшыларының атына депутаттық сауалдар жолдады. Олар И. Аронова, Б. Дүйсенбинов, З. Аманжолова, Ш. Хахазов, Б. Кесебаева, К. Мұсырман, Р. Ким, В. Косарев, Д. Еспаева, А. Қоңыров, А. Ералиев, Ж. Омарбекова, А. Платонов.  

 

(74-63-01, Ақпаратты Мәжілістің Баспасөз қызметі таратты).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі