Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
23.02.2018

Мәжіліс депутаттары әскерлер мен әскери құралымдар өңірлік бөлімшелерінің жай-күйімен танысты


Астана, 23 ақпан, Мәжіліс үйі.  Жамбыл облысының Тараз қаласында 2018 жылдың 22-23 ақпанында Қорғаныс министрлігінің «Оңтүстік» Өңірлік Қолбасшылығы базасында «Қазақстан Республикасы Әскери доктринасының іске асырылу барысы және Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар өңірлік бөлімшелерінің жай-күйі туралы» деген тақырыпта көшпелі отырыс өтті.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, ҚР Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, ҚР Ұлттық ұланының қолбасшылық құрам өкілдері қатысты.

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман көшпелі отырысты аша келе, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған кезден бері Мемлекет басшысы, Жоғары Бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қамқорлығы арқасында заманауи, тиімділігі жоғары, ұтқыр Қарулы күштер құру бойынша орасан зор жұмыс атқарылғанын атап өтті.    

Қорғаныс саласындағы стратегиялық құжат болып табылатын Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы бекітілді. Өз кезегінде ел Парламенті де бұл жұмыстан шет қалып отырған жоқ, соңғы кездің өзінде елдің қорғаныс қабілетін арттыруға және әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды заңнамалық актілер қабылданды.

Осы жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаттары ҚР Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұланы және ҚР ҰҚК Шекара қызметі әскери бөлімдерінің жауынгерлік әзірлік мәселелерін зерделеді.

Аталған әскери бөлімдерде депутаттар қару-жарақ құрамындағы техниканы қарап шығып, механикаландырылған бригаданың әскери қызметшілерін дайындау жөніндегі тренажерлік кешеннің мүмкіндіктерімен танысты.

Шара барысында Мәжіліс депутаттарына заманауи қару-жарақ, әскери техника мен мүлік үлгілері, бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі көрсетіліп, Ұлы Отан соғысының даңқты батыры Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл қойды.

 

(Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі