Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
03.04.2018

Н.Нығматулин Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарымен кездесті


                Астана, 3 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында бірқатар кәсіпорындарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті.

                Мәжіліс Спикері өңірдегі ең көне әрі ең ірі кәсіпорынның бірі Киров атындағы зауытта болып, оның «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған жаңа жұмыс бағытымен танысты.

                Еңбек ұжымымен жүздесу барысында Н. Нығматулин  өндірісті жаңғырту маңыздылығын алға тарта келіп, Елбасы ұсынған әлеуметтік бастамаларға айрықша назар аударды. Тұрғындар алдында баспаналы болудың,  салықты азайтып,   жалақыны көбейтудің,   жаңа табыс көзін ашудың  мүмкіндіктері турасында жан-жақты баяндады. Сапалы білім жайын сөз еткенде Мәжіліс Төрағасы:

- Жоғары білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы 20 мың грант бөлінеді. Оның көбі техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге арналады. Бұл жоғары білім алудың қолжетімділігін арттырумен қатар, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында сұранысқа ие болатын жаңа мамандарды даярлауға жол ашады. Сонымен бірге, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін оңтайлы шешетін болады,-деді. 

Президенттік бес әлеуметтік бастамаға кеңінен тоқталған Палата Спикері олардың барлығы отандық экономиканың нақты есебі жасалған мүмкіндіктері бойынша қарастырылғанын атап өтті.

- Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет арнайы Жол картасын жасады. Бұл Президентіміздің бастамаларын жүзеге асырудың нақты, жоспарлы қадамдары. Оған сәйкес, орындау тетіктері мен мерзімі белгіленіп, жауапты министрліктер мен құрылымдар бекітілген , - деп атап өтті Н.Нығматулин.

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы қазірдің өзінде Парламентте әлеуметтік жаңғырту ауқымды бағдарламасын заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстары басталғанына тоқталды.  

- Президенттік бес әлеуметтік бастамалардың сапалы құқықтық-нормативтік базасын құру Парламент депутаттарының осы сессиядағы жұмысының негізгі басымдығы болып табылады,- деді Палата Төрағасы.

Мәжіліс Төрағасының пікірінше, Парламент 15 шақты Заңдарға өзгерістер енгізбек. Олардың қатарында Азаматтық, Бюджеттік, Салық кодекстері, білім турасында, банк және төлемдер туралы заңнамалық құжаттар бар.  

Сонымен бірге, 2019-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарап, ағымдағы бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

Кездесу барысында ұжым қызметкерлері Елбасының әлеуметтік бастамалары жаңа серпін бергенін және зор сенім артып отырғандарын жеткізді.

 

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі – 74-63-02)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі