25.09.2019

Мәжіліс Кеден істеріне қатысты ратификациялық заң жобасын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 25 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.

Онда депутаттар Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы Келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Келісім 1994 жылғы 15 сәуірде жасалып, түзетулер 2018 жылғы 1 маусымда Душанбе қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшылары кеңесінің отырысында енгізілген.

Заң жобасын ратификациялау ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің кеден органдары арасында өз бастамасы бойынша немесе кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында сұрау салу бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Келісімнің қолданылу аясы кеңейіп, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің кеден қызметтерінің уәкілетті аумақтық органдарына ақпарат алмасуға өкілеттіктер де беріліп отыр.

Хаттама ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкіметтері арасында ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге, жәрдемдесуге және өзара көмек көрсетуге бағытталған.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірқатар мемлекеттік атқарушы органдардың басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар Ж.Омарбекова, А. Қоңыров, С.Сейдуманов, С. Қаныбеков.

(Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж. Құспанов).



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі