Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
30.10.2019

Мәжіліс бірқатар жаңа ратификациялық заң жобаларын мақұлдады


 

Нұр-Сұлтан, 30 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата    бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады.

Атап айтсақ, депутаттар тарапынан оң бағасын алған Түркиямен әскери ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім әскери даярлық пен оқытуды қоса алғанда, бұдан бұрын қамтылмаған бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу, картография, гидрография, топогеодезиялық қамтамасыз ету, әуе кеңістігі арқылы әскери мүліктің транзиті, медициналық көмек көрсету, заң құзыреттілігі, сонымен қатар басқа да мәселелерді көздейді.

Осы Келісімді жүзеге асыру еліміздің әскери саладағы мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз ете отырып, екі мемлекет арасындағы әскери ынтымақтастықтың дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.

Сондай-ақ осы күні Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды. Бұл шарт екі ел арасындағы құқықтық қатынастардың қорытындысы іспетті. Құжат Конституциямен көзделген кепілдіктерді орындауға бағытталғандықтан, өте маңызды болып табылады. Шарт бойынша адамды беру үшін төмендегі жағдайлар негіз бола алады. Мысалы, адам қабылдаушы тараптың азаматы болуы, жасалған әрекет екі жақ заңы бойынша қылмыс болуы, өтелмеген жаза кемінде бір жыл құрауы, сотталған адам немесе оның өкілінің және екі тараптың келісуі, сұрау салу алынған кезден сот үкімінің заңдық күшіне енуі.

Ал,  беру ел егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін болса, сотталған адам қылмыстан келтірген залалын өтемесе немесе біздің азаматтарға қарыз болса беруден бас тарту негіздері де көзделген. Тағы бір ерекшелігі, басқа шарттарда сотталғандарды беру үшін өтелмеген мерзімі алты айдан кем болмауы тиіс, ал бұл шартта бір жыл. Қабылдаушы тарапқа сотталған адамды еліне қайтару үшін кеткен қаражатты сотталғаннан өндіріп алу мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда біздің елімізде Моңғолияның бес азаматы жазасын өтеп жатыр.

Жалпы осыған ұқсас шарт  22 елмен жасалған.

Жалпы отырыста Өзбекстанмен Қазақстан азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың және Өзбекстан азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Қазақстандағы еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы үкіметаралық келісімді, салықтық базаны бүркемелеуге және пайданы салық салу аясынан алып кетуге қарсы іс-қимыл жасау мақсатында салықтық келісімдерге қатысты шараларды орындау жөніндегі көпжақты конвенцияны,  2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялауға қатысты,  сонымен қатар,  атом энергиясын пайдалану саласындағы азаматтық-құқықтық жауаптылық мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары жұмысқа алынды.

Отырыс соңында бірқатар халық қалаулылары құзырлы орындарға депутаттық сауал жолдады.

 

(74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі