Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
04.11.2019

Мәжілісте Жастар жылында атқарылған шаралар талқыланды


 

Нұр-Сұлтан, 4-қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаев жариялаған Жастар жылының қорытындылары және Волонтер жылын өткізуге дайындық туралы» тақырыбында Үкімет сағаты өтті.

Тақырып төңірегінде баяндама жасаған Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев  жастарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы жан-жақты баяндады. Атап өткеніндей, қазіргі уақытта  дәстүрлі бағыттар бойынша іске асырылатын жалпы шаралар және Жастар жылына орайластырылған жаңа бастамаларды қамтитын арнайы шаралар қолға алынуда. Жалпы шаралармен 2 миллионнан астам оқитын және жұмыс істейтін жастар қамтылған. Оған жоғары білім алу үшін гранттар, стипендиялар, тегін жатақханалар кіреді. Арнайы шаралармен 722 мың адам немесе елдегі әрбір бесінші жас қамтылған. Өткен жылмен салыстырғанда жастар саясатын қаржыландыру көлемі 40 есеге өскен.  Бұл көрсеткіш алғаш рет ішкі жалпы өнімнің 0,5 пайызын құрап отыр.

                Ал, Волонтер жылы аясында бірқатар нақты жобаларды іске асыру жоспарланған. Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік жастар саясатын іске асыру үшін жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі артып отырғанын, мысалы, Тұңғыш Президент бастамашылық жасаған Жастар жылының Жол картасына 292 млрд. теңге көзделгенін, 2020-2021 жылдары жастар саясатына бөлінетін қаржы 321,8 млрд. теңгеге өсетінін айтты.

Депутаттың айтуынша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын іске асыру жағдайында сайлаушылар бұл қаражаттарды бюджеттің әрбір тармағы бойынша тиімді пайдаланғаны туралы есеп талап етуге құқылы.

Үкімет сағатына төрағалық еткен Парламент Мәжілісі Спикерінің орынбасары Гүлмира Исимбаеваның айтуынша мемлекет тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап неғұрлым оңтайлы  жастар саясатын әзірлеу үшін көп жұмыс атқарды. Заңнама жетілдірілді, мемлекеттік менеджменттегі тәсілдер өзгерді, мемлекеттік бағдарламалар, жобалар қабылданды. 

Бүгінгі күні елімізде жастар қатыса алатын, жастарды қолдау бойынша ондаған бағдарламалар іске асырылуда. Қазіргі Қазақстан жастары арасында сан-қырлы талантты, креативті, терең ойлайтын, жастайынан өз ісін ашқан, елімізге, жеріне шынайы берілген жас адамдар көп.

Бірнеше сағатқа созылған талқылаудан кейін Гүлмира Истайбекқызы Үкімет сағатын қорытындылай келіп, төмендегі нақты ұсыныстарды атап өтті. Олар: жол картасының іске асырылуын Үкімет деңгейінде мұқият, жүйелі түрде бақылау, жастарға арналған қолданыстағы бағдарламалар туралы жастардың хабардар болуын қамтамасыз ету. Жастардың басым көпшілігі (75,7%) аталған бағдарламаларға қатыспаған. Жастар ресурстық орталықтары әр облыста, қалада, республикалық орталықта жұмыс істейді. Бұл ретте, сұрау жүргізілген жастардың 57,1 %-ы Жастар ресурстық орталықтары туралы ештеңе білмейді, тек 4,7%-ы осы орталықтарға жүгінген және 7 %-ы жастармен жұмыс жөніндегі ұйымдардың көрсетілетін қызметтерін пайдаланған.

Атап өтілгендей, 500-ден астам жастар ұйымы жұмыс істеп тұрса да, жастардың Үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысу деңгейі төмен.

Сондай-ақ, NEET-тің төмен көрсеткіштеріне қол жеткізген облыстардағы өңірлік тәжірибені мұқият зерделеп, осы тәжірибені жоғары көрсеткіштері бар облыста қолдану мүмкіндіктерін бағалау қажет. NEET жастары – ерекше назар аударуды талап ететін маңызды санат. Сондықтан, NEET санатындағы жастарға қатысты бірыңғай ақпараттық база мен деректерді ретке келтіру қажет. Ауылдағы жастарды қолдаудың нақты шаралары бәрі жастар үшін емес, жастармен бірге асырылуы қажет.

                Отырыс соңында арнайы ұсынымдар қабылданды, ол аптаның соңына дейін пысықталатын болады.

 

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі