Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
19.02.2020

Мәжілісте ратификациялық заң жобалары мақұлданды


 

Нұр-Сұлтан, 19 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда бірқатар ратификациялық заң жобалары мақұлданды.  

Мәжіліс көлік құралы паспортының және өздігінен жүретін машина және техниканың басқа да түрлері паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электрондық паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісімге Арменияның қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын қарау барысында  өзекті мәселелерді көтерді.

Көлік құралдарының электрондық паспорттарын енгізу туралы қолданыстағы келісім 2014 жылы қабылданған және 2015 жылы Қазақстан ратификациялаған.

Хаттамамен Армения Келісімге қосылып, электрондық паспорттар жүйесін енгізу бойынша міндеттемелерді өзіне алады. Келісім Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің аумағында шығарылған және тіркеуге жататын көлік құралдарына және техниканың басқа да түрлеріне берілетін паспорттың бірыңғай нысандарын, оның ішінде электрондық нысандарын қолдану үшін жағдай жасауға ықпал етеді.

Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы бұл жүйені 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап ЕАЭО аумағында енгізуге шешім қабылдады. Алайда, 2015 жылдан бері төрт жыл уақыт өтсе де, электронды көлік құралдарының төлқұжаттар жүйесі әлі енгізілген жоқ.

 Осыған орай, бұл ЕАЭО-та автокөлік сатып алатын әрбір азаматқа қатысты екенін атап өткен Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин ЕАЭО елдерімен деректер алмасудың жедел әрі толық болуы біз үшін өте маңызды екенін атап өтті.

Палата Спикері бұл ішкі істер органдары жүргізетін уақтылы тіркеуге, Мемлекеттік кірістер комитетінің органдарына салық салуға мүмкіндіктер беретінін, аталған мәселелерді шешуге уәкілеттік берілген мемлекеттік қызметшілердің жұмысына назар аударды.

Сонымен қатар отырыста депутаттар тарапынан қолдау тапқан Қазақстан мен АҚШ арасындағы консулдық артықшылықтар мен иммунитеттер туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы. Оның мақсаты -  консулдық мекемелерді, лауазымды адамдар мен қызметшілер және олардың отбасы мүшелерін қорғауды күшейту болып табылады.

Келісімге сәйкес тараптар консулдық лауазымды адамдары мен олардың отбасы мүшелеріне дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес дипломатиялық агенттерге және дипломатиялық агенттің отбасы мүшелеріне берілетін артықшылықтар мен иммунитеттерге, баламалы артықшылықтар мен иммунитеттер береді.

Сондай-ақ, консулдық мекемелердің үй-жайлары мен мүлкі, оның ішінде көлік құралдары да дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының 22-бабына сәйкес дипломатиялық өкілдіктер сияқты қорғалады.

Жалпы отырыста Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы мақұлданды.

Келісім Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мен Өзбекстанның Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрліктері арасында азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселелері, оның ішінде екі ел азаматтары үшін бос орындар бойынша өзара іс-қимыл жасауды және өзекті ақпарат алмасуды көздейді.

Сонымен қатар, бүгін Мәжілістің салалық комитеттері ана мен баланы қорғау және аудиторлық қызмет мәселелері туралы заң жобаларын жұмысқа алды. 

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары мемлекеттік органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар Қ. Сұлтанов, Д. Нұрманбетова, М. Магеррамов, В. Косарев, Е. Барлыбаев, Н. Микаелян, Е. Никитинская.

 

(74-63-01, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі