Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
03.03.2020

Мәжілісте короновирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-шаралар жайы талқыланды


 

Нұр-Сұлтан, 3 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысы өтті. Онда елімізде короновирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-шаралар туралы талқыланды.

Отырыста Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин мен Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің орынбасары Оңталап Оналбаев сөз сөйлеп, инфекцияның таратуына қарсы жасалып жатқан шаралар туралы кеңінен баяндады.

Ж. Бекшин санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту мен мемлекеттік шекараның өткізу бекеттерінде қабылданған және бекітілген шаралар туралы, сондай-ақ қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындарында медициналық маскалар мен басқа қорғаныс құралдарын өндіруді ұлғайтуға қатысты қолданып жатқан іс-шаралар туралы айтты.

Өз кезегінде, О.Оңалбаев депутаттардың сұрақтарына жауап бере отырып, елімізде бұрын жоспарланған ірі халықаралық іс-шаралар мен коронавирустық инфекция таралған елдерге транзиттік, электрондық, туристік визалардың берілуі тоқтағанын атап өтті.

Талқылау барысында депутаттар елімізде короновирустық инфекцияның таралуына қарсы тұру бойынша қабылданған шаралардың тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныстар жасады.

 

(74-63-01, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі