Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
04.03.2020

Мәжілісте халық денсаулығына қатысты кодекс жобасы мақұлданды


 

Нұр-Сұлтан, 4 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда халық денсаулығына қатысты кодекс жобасы және ана мен баланы қорғауға қатысты заң  жобалары мақұлданды.

Нұрлан Нығматулин «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасы мен оған ілеспе заң жобасының барша қазақстандықтарға қажетті де маңызды екенін, осы Кодекс жобасы халық арасында көп талқыланғанын атап өтті.

-              Депутаттарымыз аймақтарға сапары кезінде де осы мәселе басты назарда болды. Арнайы жұмыс топтары, кеңейтілген отырыстар ұйымдастырылды. Осы Кодекс бойынша денсаулық сақтау саласы мамандарының қатысуымен Мәжілісте «Нұр Отан» партиясының фракция отырысы да өтті. Осы шараларда айтылған барлық ұсыныстар, пікірлер заң жобасын қабылдау кезінде  ескерілді. Соның нәтижесінде  Кодекстің  әрбір нормасы  жан-жақты талқыланып, көптеген сұрақтар өз шешімін тапты. Әсіресе, цифрлық технологияны енгізе отырып, медициналық қызметтің сапасын күшейту, донорлық мәселесі ана және бала денсаулығын сақтау, бойынша өзгерістер енгізілді. Соның арқасында денсаулық саласында бұрынғыдан бөлек заман талабына сай жаңа  Заң мақұлданды  деуге болады, - деді Мәжіліс Төрағасы.

Бірінші оқылымда мақұлданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасы жұмыс берушілер мен жұмыскердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі мен қоғамдық денсаулықты сақтауды күшейтуге, медициналық технологияларды дамытуға, медициналық қызметтер көрсету, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларында бақылауды жетілдіруге, медицина қызметкерінің мәртебесін арттыруға бағытталған.

Кодекстің жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар жұмыс берушінің денсаулық сақтау органдарына азаматтарды қан, ағзалар және тіндер донорларының қатарына тарту бойынша жәрдемдесу міндетін, скринингтік медициналық зерттеулерден өтпегені үшін еңбек ету құқығын шектейтін, сонымен қатар шетел азаматтарының мұқтаждары үшін Қазақстаннан ағзалар мен тіндерді шығару мүмкіндігін белгілейтін нормаларды алып тастады.

Бұдан басқа, 16 жасқа толған кәмелетке толмағандарға ата-анасының келісімінсіз медициналық және хирургиялық араласуды жүргізуге тыйым салатын түзету қолдау тапты.

Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы мақұлданды.

Аталған құжат көпбалалы отбасыларға көмек көрсету мақсатында сегіз және одан көп балалары бар отбасыларға әрбір балаға төрт айлық есептік көрсеткішті құрайтын жәрдемақы белгілеу жөніндегі норма енгізіледі.

Депутаттар заң жобасымен жұмыс істеу барысында білім және ғылым саласындағы уәкілетті органның террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту мәселелері бойынша салааралық үйлестіруді жүзеге асыру жөніндегі құзыретін бекітіп беру нормасының редакциясын жақсартуға, сегіз және одан көп балалар үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақы төлеуге бағытталған түзетулер енгізді.

Сонымен қатар, бүгін Мәжілістің салалық комитеттері Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары мемлекеттік органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауалдар жолдады.

Атап айтқанда, депутат С. Қаныбеков елдегі су ресурстарын басқарудың проблемаларына, Ш.Өтемісов Жайық-Орал трансшекаралық өзені бассейні экожүйесінің өзекті мәселелеріне назар аударды. Ал А.Қоңыров кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы туралы айтты. В.Косарев «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мәселелерін ортаға салды. И.Смирнова бюджеттің ашықтығы туралы, Ш.Хахазов Ұлттық басқарушы холдингтердің тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу ережелеріне өзгерістер енгізу туралы депутаттық сауалдар жолдады.

 

(74-63-01, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.Суретті түсірген Жаслан Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі