Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.03.2020

Мәжілісте заң көмегін көрсетудің заңнамалық негіздерін жетілдіруге қатысты парламенттік тыңдау өтеді


 

Нұр-Сұлтан, 6 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжілісте «Заң көмегін көрсетудің заңнамалық негіздерін жетілдіру» тақырыбында 13 наурызда парламенттік тыңдау өтеді.

Депутаттар Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын және сайлауалды бағдарламасын, сондай-ақ жалпыұлттық «Бірге» науқаны кезінде алынған ұсыныстарды ескере отырып, заң көмегін дамытудың маңызды бағыттарын талқылауды мақсат етіп қойды.

Парламенттік тыңдауға қатысушылар азаматтардың құқықтарын қорғаудың кепілдіктерін арттыру, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесі және сот процесіне қатысушылардың бәсекеге қабілеттілігі мен теңдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жан-жақты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жүйесін және заң көмегінің сапасын қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге ерекше назар аударуды жоспарлайды.

Сонымен қатар отырыста халықты заң қызметтерімен қамту, заң көмегін көрсету саласындағы цифрландыру, адвокаттар, нотариустар, заң кеңесшілері және жеке сот орындаушыларының қызметін жетілдіру мәселелерін талқылау қарастырылған.

Іс-шараға депутаттармен қатар Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Әділет, Ішкі істер министрліктердің өкілдері шақырылды.

                 Сондай-ақ, тыңдауға республикалық заңгерлер коллегиясының, жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының, республикалық нотариаттық палатаның, үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми қоғамдастықтың өкілдері және

халықаралық сарапшылар қатысады деп күтілуде.

Парламентік тыңдаудың қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданады.

 

(Эльмира Башеева – 74-63-01, Ақпаратты Мәжілістің Баспасөз қызметі таратты).

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі