10.03.2020

Мәжілісте салық салу және инвестициялық климатты жетілдіруге қатысты заң жобасының таныстырылымы өтті


Нұр-Сұлтан, 10 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының салық салу және инвестициялық климатты жетілдіру мәлелелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті.

Отырысты ашқан Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова бұл құжаттың өткен жылы дайындалып, барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Үкімет алаңында талқыланғанын атап өтті.

Депутаттар алдында Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев заң жобасын таныстырып, баяндама жасады.

Жобадағы түзетулердің бірінші блогы: жеке тұлғалардың салық төлеуін жақсартуға бағытталған.

Жеке тұлғалардың мүлкі мен жеріне салынатын салықтардың салық элементтерін өзгертпей, бір салыққа біріктіру ұсынылады. Яғни, 2 салық бірыңғай төлеммен төленеді. Бұл түбіртектерді толтыру және банк комиссияларын төлеу сияқты шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, заңнамалық құжатта көп пәтерлі тұрғын үйлердің иелері үшін жер салығын алып тастау қарастырылған. Бұл салық сомасының мардымсыз болуына, есептеудің күрделілігі және әкімшілендірудің айтарлықтай шығындарына байланысты.

Халыққа қолайлы ету мақсатында көлік құралдары салығын төлеу мерзімін ауыстыру ұсынылады. Қазір салық жыл соңына дейін төленетін болса, келесі жылдың 1 сәуіріне дейін төлеу ұсынылады.

Ұлттық экономика вице-министрінің айтуынша, жеке тұлғалар үшін тағы бір өзгеріс – бұрын жүзеге асырылған сатып алулар үшін есептелген бонустарға салық салуды болдырмау.

- Науқастарды демеушілік және қайырымдылық көмек есебінен емдеуге жатқызу кезінде науқастарды алып жүретін адамныңжол жүру және тұруы да осы қаражат есебінен төленеді. Осыған байланысты, науқастарды да, науқастарды алып жүретін адамды да жеке табыс салығынан босату ұсынылады, - деді М. Такиев.

Сондай-ақ, қазіргі таңда банктердің несиелерді кешіруі кезінде корпоративтік және жеке табыс салықтары бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Ипотекалық ұйымдар үшін осындай шаралар ұсынылады.

Заңнамалық құжаттағы екінші блок: инвестицияларды ынталандыруға бағытталған.

Жауапты мемлекеттік орган өкілінің мәлімдеуінше ннвестициялық салық несиесі енгізілмек. Несие корпоративтік табыс салығы және мүлік салығы бойынша 3 жылға беріледі. Ол пайызсыз болып, инвестициялық бағдарлама орындалмаған жағдайда өсімпұл есептелетін болады.

Жеңіл және тамақ өнеркәсібін дамыту үшін басым жобалар бойынша инвестициялар шегін 2 млн. айлық есептік көрсеткіштен (5,3 млрд. теңге) 1 млн. айлық есептік көрсеткішке (2,65 млрд. теңге) дейін 2 есетөмендету ұсынылады.

Мақтаны қайта өңдеуге, ашытқылар өндіруге қосылған құн салығының есептелген сомасының 70 процентке кеміту бойынша норманы қолдану ұсынылады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді, отандық тауар өндірушілер өндірісінің көлемін арттыруды ынталандыратын болады.

Үшінші блок, транзиттік әлеует және телекоммуникация. Теңіз көлігі арқылы транзитті дамыту үшін жағдай жасау, транзит құнын төмендету мақсатында мұндай тасымалдарды халықаралық деп тану және қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдану ұсынылады.

5G жаңа байланыс түрін құруға инвестициялар тарту мақсатында радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлем мөлшерлемесін 5 жылға 10 есе төмендету ұсынылса, республика аумағында электрондық түрде жеке тұлғаларға қызмет көрсететін шетелдік интернет-компаниялар қосылған құн салығын төлеуге міндетті болады.

Заң жобасындағы төртінші блокта акциздердің фискалдық қызметін күшейту қарастырылған. Мәселен, 2021 жылдан бастап сыраға, қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға және құрамында сұйықтықтар бар никотинге акциз мөлшерлемелері кезең-кезеңімен ұлғайтылатын болады.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, заң жобасын әзірлеуші – Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері, өзге де мемлекеттік органдар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және басқа үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар тәуелсіз сарапшылар қатысты.

Комитет шешімімен осы Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі болып Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Симонов белгіленді.

(Эльмира Башеева, 74-63-01 – Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі. Суретті түсірген С. Майлыбаев).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі