Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
11.03.2020

Мәжіліс Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасын I оқылымда мақұлдады


 

Нұр-Сұлтан, 11 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Отырыста депутаттар Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасын және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтардың өтініштерін қарау жұмысын қайта құрып, мемлекеттік органдар халықтың қажеттіліктеріне жылдам жауап бермек.

Осы заңнамалық құжат бойынша депутаттар бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда, Кодекстің жобасында прокурордың әкімшілік процеске қатысуын қозғайтын бірқатар нормалар бар екенін, Еуропа және басқа да елдердің заңдарында прокурордың қатысуы мүлдем көзделмегенін, Әкімшілік процеске прокурордың қатысуы қаншалықты орынды болатыны туралы.

Осыған сәйкес, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин:

-   Екінші оқылымға дейін, басқа мемлекеттердің тәжірибесін қарап шығу керек. Оларда әкімшілік процесс қаралғанда прокурордың қатысы бар ма, жоқ па? Себебі, прокурор тікелей мемлекеттік органдардың атынан сөйлейтін тұлға. Ал, біз осы Кодексті қабылдай отырып, азамат пен мемлекеттің қарым-қатынасын теңестірдік. Енді осы Кодекс бойынша кейбір жағдайда азаматтардың рөлі жоғары. Сондықтан, осы заң жобасында прокурор қаржы мәселесінде, басқа да мемлекет үшін маңызы бар сұрақтар бойынша қатысқаны дұрыс шығар. Осы ұсынысты қолдауымыз керек. Ал барлық мәселеге прокурордың қатысуы міндетті емес деп есептейміз. Екінші оқылымға дейін қарауымыз қажет, - деді.

Одан әрі Мәжіліс депутаты Наринэ Микаелян мемлекеттік  тілде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбекке цифрландыруды белсенді жылжыту жағдайында әкімшілік әділетті енгізу туралы сұрақтар қойды.

Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы мемлекеттік тілде қойылған сұраққа қазақ тілінде жауап бермеген вице-министр Асхат Оразбекті сынға алды.

-        Әрине,   бізде  аударма бар. Осы залда отырған  әрбір азаматқа қай тілде сөйлеймін десе де жағдай жасалған. Бірақ та, басқа ұлттың азаматтары қазақ тілінде сайрап  тұрғанда, Сіздің мемлекеттік тілде жауап бермегеніңіз   дұрыс емес - деді, Нұрлан Нығматулин.

             Жалпы Кодекс жобасы бірыңғай заңнамалық актіде жария құқықтық қатынастар саласындағы әкімшілік рәсімдерді және сот ісін жүргізуді жүзеге асырудың құқықтық негіздерін, қағидаттарын, қағидаларын белгілейді.

             -ұБүгін біз Қазақстанымыздың құқық саласында тағы бір жаңа                                 Заң қабылдадық. Осы Кодекс арқылы халықтың, жалпы қоғамның басқару шешімдеріне  белсене қатысуына  кең  жол   ашылып отыр.  Ең бастысы, қандай бір даулы жағдай болса да, алдымен, азаматтардың   құқықтарын   тиімді қорғаудың   жаңа механизмдері  көрсетілген. Сонымен бірге, Судьялардың да                          мүмкіндіктері  күшейетін болады, - деді Нұрлан Нығматулин.

 

             Осы мақұлданған заң жобасының негізгі мақсаты – азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне нақты қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктерді бекіту және билік органдарымен бірге жоғары тұрған орган мен сотта дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеу болып табылады.

Жалпы отырыста мемлекеттік қызмет мәселелеріне қатысты заң жобасы Мәжіліс депутаттары тарапынан бірінші оқылымда қолдау тапты.

Палата Төрағасы мемлекеттік қызмет мәселелеріне енгізілген түзетулерде ауылдық жерлердегі кадр жетіспеушілігінің заңнамалық шешімі табылғанын атап өтті.

Оны шешу үшін заң жобасында «Дипломмен ауылға» жобасын қолдану арқылы білікті мамандарды ауылдық елді мекендерге тарту ұсынылады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметтері бойынша ауылдық округтердің мемлекеттік органдарындағы бос жұмыс орындарының саны шамамен 900 адамды құрайды.

Бүгінгі жалпы отырыста атом энергиясын пайдалану саласындағы азаматтық-құқықтық жауаптылыққа қатысты заң жобасы мақұлданды.

Жоба 2011 жылғы 10 ақпанда Республика ратификациялаған 1997 жылғы Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясының ережелерін іске асыруға бағытталды.

Атап айтқанда, оны қабылдау, Вена конвенциясының талаптарына сәйкес, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану салдарынан туындауы мүмкін ядролық нұқсанды өтеу үшін ядролық қондырғылар операторларының жауаптылығын күшейтеді.

Сондай-ақ, депутаттар көші-қон процестерін реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Мәжілістің салалық комитеттері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар және көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауылдық елді мекендерде Интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Ардагерлер туралы», сондай-ақ, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері мен «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы»  заң жобаларын жұмысқа алды.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары мемлекеттік органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар А.Перуашев, В.Олейник, М.Магеррамов.

 

***

 

Мәжіліс жалпы отырыста Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі қызметіне А.Қ. Дауылбаевты тағайындады.

 

      (74-63-01, Э. Башеева, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі