Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
12.03.2020

Мәжілісте бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізудің тәртібі туралы заң жобасы таныстырылды


 

Нұр-Сұлтан, 12 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысы өтті. Отырыста Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы»  үкіметтік заң жобасын таныстырды.

Ұсынылған заң жобасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың, қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалмақ.

Депутаттар алдында баяндама жасаған Дәурен Абаев:

- Заңда бейбіт жиынды ұйымдастырушылардың, қатысушылардың, журналистердің мәртебесі, құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Қолданыстағы заң қатысушыларды, ұйымдастырушыларды шектемейді. Осыған орай заңда ұйымдастырушылардың, қатысушылардың мәртебесін, құқығы мен міндеттерін айқындау ұсынылады, - деді.  

Сонымен қатар, министр БАҚ саласындағы өкілетті орган бейбіт жиналыстарға қатысатын журналист қызметінің ережесін, журналистік айырмашылық белгісі болатынын және ұйымдастырушылар үшін бейбіт жиналыстарды өткізудің ыңғайлы болуы мақсатында айырмашылық белгілерінің пішіні қабылданатынын айтты.

Ұйымдастырушылардың, қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалатын болады. БАҚ саласындағы өкілетті орган бейбіт жиналыстарға қатысатын журналист қызметінің ережесін, журналистік айырмашылық белгісі пішінін қабылдайтын болады. Ұйымдастырушылар үшін бейбіт жиналыстарды өткізудің ыңғайлы болуы мақсатында ұйымдастырушылардың айырмашылық белгілерінің пішіні қабылданады, - деді Дәурен Абаев.

Отырыс барысында тиісті мемлекеттік органның басшысы аталған заң жобасы әзірлеу барысында халықаралық тәжірибені зерделеп шыққанына тоқталды.

Толықтай алғанда, халықаралық тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу барысындағы басты басымдық қоғамдық қауіпсіздік екендігін көрсетті. Қоғамдық-саяси ахуалдың нашарлап кетуіне байланысты бейбіт жиыналыстар өткізу жөніндегі заңнамаларын қатаңдатуға барған бірқатар демократиялық ел бар», - деді Д. Абаев.

Атап айтқанда, рұқсат беру жүйесі АҚШ, Швеция, Жапония, Сингапур елдерінде бар. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін реттейтін қолданыстағы заңнама 25 жыл бұрын, яғни 1995 жылы қабылданған.

Ақпарат және қоғамдық даму министрінің пікірінше, осы заң жобасы  бейбіт жиындардың барлық түрлерін ұйымдастыру және өткізу мәселелерін регламенттейтін болады.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі болып Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қанат Мусин белгіленді.

 

(74-63-01, Мәжілістің Баспасөз қызметі, суретті түсірген С. Майлыбаев)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі