Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
01.04.2020

Н.Нығматулин: Президенттің азаматтарды және бизнесті қолдау туралы шаралары өзекті және уақтылы


 

Нұр-Сұлтан, 1 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайлар кезінде азаматтар мен бизнесті қолдау үшін қосымша шаралар ұсынған мәлімдемесіне тоқталды.

-     Өздеріңізге белгілі, кеше ғана Президент  Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев қалыптасқан жағдайға байланысты арнайы мәлімдеме жасады. Онда Мемлекет Басшысы осы күрделі кезеңде, елімізді, халқымызды жан-жақты қолдаудың өте маңызды екенін айтып, осы жолда қосымша шаралар қолға алынатынын атап өтті. Бұл қазіргі уақытта өте керекті шаралар, ең алдымен, экономикамыздың тірегі -  шағын және орта бизнесті күшейтуге арналып отыр. Сонымен бірге, азаматтардың әлеуметтік жағдайын да одан әрі тұрақты ұстауға бағытталған. Сол үшін республикалық бюджеттен  тиісті қаражат бөлінеді. Бұл қазақстандықтарды уақытша қиындықтан аман алып шығу үшін, мемлекет тарапынан жасалған тағы бір нақты қадам, - деді Нұрлан Нығматулин.

Палата Төрағасының пікірінше, Мемлекет Басшысының мәлімдемесі  қазіргі жағдайды бақылауға ғана емес, дағдарыстан кейінгі кезеңге арналған нақты іс-қимыл жоспары.

Бұл шаралардың барлығы уақытылы және төтенше жағдай кезінде азаматтарды да, бизнесті де қолдауға бағытталғанын атап өткен Мәжіліс Төрағасы енді қазақстандықтардың әрбір санатына барынша қысқа мерзімде мемлекет тарапынан маңызды көмекті әрбір салаға жеткізуге мүмкіндік беретін нақты тетіктер қажеттігіне назар аударды.

Осы ретте Палата Спикері бұл жұмыста мемлекеттік органдардың да, депутаттық корпустың да, бизнес-құрылымдардың да бірлескен күш-жігері маңызды екенін айтты.

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Президенттің аграрлық секторда, ең алдымен, көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізуге, сондай-ақ жол картасы аясында азаматтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін жұмыспен қамту саласына қойған міндеттерінің өзектілігіне ерекше назар аударды.

Осы қабылданған шараларға сәйкес, депутаттық корпус дағдарысқа қарсы шаралардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін заңнамалық деңгейде барлық қажетті қолдау көрсетеді, - деді Нұрлан Нығматулин.

 

(74-63-01,Эльмира Башеева. Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж. Құспанов).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі