Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.04.2020

Мәжілісте митингілер туралы заң жобасының өзекті нормалары талқыланды


 

Нұр-Сұлтан, 6 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заң жобасы бойынша жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Онда депутаттар өзекті мәселелерге назар аударып, пикеттерді өткізудің ерекше жағдайларына қатысты заң жобасына түзетулерді пысықтады.

Депутаттар заңмен тыйым салынбаған кез келген жерлерде пикеттер өткізу мүмкіндігін заңды түрде бекітуді ұсынады. Заң жобасындағы тыйым салынатын орындарға стратегиялық маңызы бар және техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтауды талап ететін нысандар кіреді. Мысалы,  темір жол, су, әуе нысандары  және автомобиль көлігі, магистральдық құбырлар, байланыс желілері және т. б. Бұл ретте тыйым салынған орындар тізімінде бірде-бір мемлекеттік орган жоқ.

Бұдан басқа, жұмыс тобының отырысында бейбіт жиналыстарды тоқтату негіздері мен тәртібі қаралды. Сондай-ақ, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік мәселелері де талқыланды.

Аталған заң жобасы бойынша Мәжіліс депутаттары заңнамада белгіленген бейбіт жиналыстарға қатысу, ұйымдастыру және өткізу талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті бөлу, сондай-ақ белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілген жиналыстар, митингілер, демонстрациялар, шерулер және басқа да қоғамдық іс-шараларға қатысу, ұйымдастыру және өткізу бойынша ұсыныстар жасады.

Бейнеконференция режимінде өткен жиынға Мәжіліс депутаттары, заң жобасын әзірлеушілер, азаматтық және ғылыми қоғам өкілдері қатысты.

Заң жобасын Мәжілістің жалпы отырысында екінші оқылымда қарау үшін жұмыс тобы талқылауды  одан әрі жалғастыруда.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі - 74-63-01)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі