Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
22.04.2020

Мәжіліс еліміздің тұрақты дамуына арналған заң жобаларын назарға алды


 

Нұр-Сұлтан, 22 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар сайлау және саяси партиялар туралы заң жобаларын мақұлдап, төтенше жағдай мәселелеріне қатысты заң жобасын жұмысқа алды.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заң жобалары Мемлекет Басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленген.

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, алғаш рет партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастарға 30%-дық міндетті квота қаралып отыр. Осы ретте Нұрлан Нығматулин жастар квотасына ерекше назар аударды:

Шынын айту керек, бұл мәселе қоғамда және жұмыс тобында көп талқыланды. Біріншіден, көптеген елдерде сайлау кезінде партиялық тізімде жастарға арналған квота міндетті түрде бекітілген. Екіншіден, қай кезде болса да, қандай қоғамда болса да жастарға деген сенім өте зор. Әрине, жастардың өмірлік тәжірибесі аздау да болуы мүмкін, бірақ олардың заманға сай идеялары, олардың заманға сай ұсыныстары өте көп. Қазақ халқы осындайда «Асыл – тастан, ақыл – жастан» дейді. Сондықтан, меніңше, жастар квотасы партиялық тізімде заң бойынша міндетті түрде болу керек. Әрине, 29 жасты біреулер жастау дейді, біреулер жасы жетті дейді, бірақ олардың заманға сай жаңа креативті идеялары бар, ұсыныстары бар. Сондықтан, меніңше, одан қорықпауымыз керек, - деді Нұрлан Нығматулин. 

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы саяси партияларды тіркеу үшін  партия мүшесiн 40 мыңнан 20 мыңға дейін төмендетудің маңыздылығына тоқталып, бұл нормалар әйелдер мен жастардың саясатқа белсенді қатысуын ынталандырып қана қоймай, еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға жаңа серпін беретінін атап өтті.

Ұсынылып отырған норма саяси партияларды түрлі әлеуметтік топтармен неғұрлым белсенді жұмыс істеуге және өз қызметінде олардың мүдделерін ескеруге  ынталандыратын болады.

Отырыс барысында Палата тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқартуға бағытталған заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Осының қатарында мемлекеттік қызмет мәселелеріне қатысты заң жобасына түзетулер енгізіліп, екінші оқылымда мақұлданды.

Бүгін жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төтенше жағдай мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

Құжат Мемлекет Басшысының «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына байланысты әзірленді.

                Бұл дағдарысқа қарсы заңнама құқықтық реттеуді кеңейту жолымен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Палата жұмысқа алған құжаттардың қатарында ратификацилық заң жобалары бар. Олар Шанхай ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау және ЕАЭО туралы шартқа Қырғызстанның қосылуына байланысты ЕАЭО құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және ЕАЭО органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары А.Перуашев, К. Абсатиров, Б.Оспанов, А.Қоңыров, П.Казанцев, И. Унжакова орталық мемлекеттік орган басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

 

(Мәжілістің Бапасөз қызметі, 74-63-01, суретті түірген Ж.Құспанов).

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі