Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
13.05.2020

Н. Нығматулин: заң жобасы ойын бизнесін реттеуді күшейтеді


Нұр-Сұлтан, 13 мамыр. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар ойын бизнесіне қатысты заң жобасын I оқылымда талқылауда.

Осы заң жобасы бойынша депутаттар көптеген маңызды түзетулер енгізді. Мәселен, жұмыс тобы барысында жаңа үш ойын аймақтарын ашу туралы нормалар алып тастау, ойын бизнесін ұйымдастырушыларға заң жобасында көзделген міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық белгілеу жөнінде, сондай-ақ, жақын туыстарының өтініші бойынша соттың құмар ойындарды және бәс тігуді теріс пайдаланатын адамдарды әрекет қабілеті шектеулі деп тануға қатысты ұсыныстар енгізді.

Осы орайда Нұрлан Нығматулин:

- Шын мәнінде, игромания ауруға жататын нәрсе. Оған үйренген адам, оны өз күшімен жеңе алмайды. Сондықтан, депутаттар жаңа норма енгізіп отыр. Ол бойынша игроманияға берілген азаматты одан шығару үшін туысқандары сотқа бере алады. Бұл қажетті және тиімді норма деп есептеймін, - деді.

Тағы бір атап өтетін жағдай, заң жобасында осы сала қызметін реттеудің жаңа тәсілдері ұсынылған.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, жаңа заң экономикалық тұрғыдан да, моральдық-психологиялық жағынан да ойын бизнесі саласындағы бақылауды күшейтеді.

                Жалпы құжат ойын бизнесі саласындағы заңнаманы жетілдіруге және бәс тігуге қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге, сондай-ақ букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметін бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

 

                (Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01, суретті түсірген Ж.Құспанов).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі