Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
17.06.2020

Мәжіліс қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату мәселелеріне қатысты депутаттық түзетулерді I оқылымда мақұлдады


 

Нұр-Сұлтан, 17 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бірқатар депутаттық заң жобалары мақұлдады.

Атап айтқанда,  депутаттар қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжат тұжырымдамасында тұрмыстық қатты қалдықтарды жағу арқылы оларды кәдеге жарату көзделеді. Бұл қалдықтардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға және олардың көмуге жататын көлемін қысқартуға мүмкіндік береді.

Заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес негізгі қолдау тетігі қоқыс жағатын кәсіпорындар өндірген электр энергиясын кепілді сатып алу болып табылады. Ол жаңартылатын энергетика саласын қолдаудың қолданыстағы тетігіне ұқсас болады.

Осыған байланысты, заң жобасында Экологиялық кодекс пен «Электр энергетикасы туралы» және «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңдарға түзетулер енгізу көзделген.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар жергілікті атқарушы органдарды қоқыс жағатын кәсіпорындарды қалдықтардың қажетті көлемімен қамтамасыз етуге міндеттейтін норманы алып тастауды; Экологиялық кодекстегі жергілікті атқарушы органдардың жер заңнамасына сәйкес қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді қамтитын әлеуметтік инфрақұрылымды салу үшін жер учаскелерін бөлуі мәселелерін нақтылауды; қолданыстағы заңнамамен және Мәжіліс қарауындағы заң жобаларының нормаларымен үйлестіру мақсатында құқықтық коллизияларды жою туралы және басқа да ұсыныстар мен түзетулер енгізді.

Сонымен қатар, жалпы отырыста Мемлекеттік шекара туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.           

Заң жобасында өткізу пункттерінде құқық қорғау мен арнаулы органдар, прокуратура органдары қызметкерлерінің болу тәртібін регламенттейтін, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңнамасын бұзудың ықтимал тәуекелдерін төмендетуге бағытталған нормалар көзделеді.

Заң жобасымен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қажетті инженерлік-техникалық құралдарды, құрылыстар мен бөгеуіштерді орнату жөніндегі құзыреті нақтыланады.

Сонымен қатар, жалпы отырыста депутаттар Сенаттың «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне енгізген түзетулерімен келісті.

Бүгін Палата бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олардың қатарында бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері туралы заң жобасы, Сондай-ақ, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара көмек туралы Шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы және ЕАЭО пен оған мүше мемлекеттер және Сербия арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары бар. Осылармен қатар, Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты заң жобасына түзету енгізу туралы заң жобасы бар.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары мемлекеттік органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар П. Казанцев, М. Қазбекова, Ж.Ахметбеков, С. Қаныбеков.

 

 

(74-63-01, Мәжілістің Баспасөз қызметі.Суретті түсірген Ж.Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі