Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.10.2020

Мәжіліс депутаттарының жұмысында ондаған өзекті заң жобалары бар


Нұр-Сұлтан, 6 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжілістің жұмыс топтарында жаңа заң жобалары бойынша жұмыс жалғасуда. Карантин жағдайында жұмыс топтарының отырыстары бейнеконференция байланыс режимінде өткізіледі. Заңнамалық жаңалықтарды талқылауға Мәжіліс депутаттарымен қатар қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда.

Мысалы, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті «2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заң жобаларымен жұмыс жүргізуде.

Сондай-ақ, Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің жұмыс тобында қоғам өкілдері «Экологиялық кодекс» жобасын белсенді талқылауда.

Әлеуметтік салаға қатысты заң жобаларын Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті қарастыруда. Атап айтқанда, бала құқықтарын қорғауға, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға, отбасылық-гендерлік саясатқа, дене шынықтыру мен спортқа, білім беруге, ақпаратқа және қарыздық еңбекті реттеуге қатысты заң жобалары бар.

Сонымен қатар, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшелері «Нотариат туралы» заң жобасына депутаттық түзетулерді, Адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері жөніндегі және норма шығаруды жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобаларын, ал, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті мемлекеттік сатып алу, техникалық реттеу және т.б. саладағы заң жобаларын қарайтын болады.

«Ерекше тауарларды бақылау туралы» заң жобалары мен Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты түзетулерді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері талқылайды.

Аграрлық мәселелер комитетінің шеңберінде жұмыс топтары ветеринария және асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелеріне қатысты заң жобалары бойынша қорытындылар дайындайды.

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі