Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.10.2020

Мәжіліс депутаты Б.Смағұлдың шығармалары жинағының тұсаукесері өтті


Нұр-Сұлтан, 15 қазан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжіліс депутаты «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұлдың елордадағы Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ және орыс тілдеріндегі 3 томдық шығармалары жинағының тұсаукесері өтті.

Осыған орай «Батырын бағалаған елдің бағы таймас» атты конференция ұйымдастырылды. Оған Парламент депутаттары, ғарышкер  Айдын Айымбетов, спортшылар Илья Ильин мен Сергей Цырульников, Кеңес Одағының батыры Николай Кремениш және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Ең бастысы, іс-шараға кітаптағы басты кейіпкерлер – Ауған соғысының ардагерлері Байғали Қоқымбаев, Әлімжан Ерниязов, Габиль Халафов қатысып, сөз сөйледі.

Бақытбек Смағұл шығармаларының барлық үш томы батырларға арналған.

Атап айтқанда, шығармалар жинағының І-томы Қазақ елінің көк байрағын желбіретуге қаруымен де, қаламымен де үлес қосқан, өз тұсында ұлтты ұлықтаудың, тілді түлетудің, мемлекетті мәңгілік етудің жөн-жосығын көрсетіп кеткен заңғар тұлға, отаншыл азамат, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына қатысты зерттеулерге орын берілген.

ІІ-томда автор Борис Керімбаев (12.01.1948–12.02.2019) туралы ой толғайды, сыр шертеді. Оның ерен ерліктеріне, еселі еңбектеріне тоқталып, батыр һәм батыл бейнесінің асқақ мүсінін сомдайды.

ІІІ-томдағы естеліктер «Үш қырлы жебе» деген ортақ атаумен біріктіріліп отыр: онда Бақытбек Смағұл Ауған соғысының үш алыбы, атап айтқанда, Байғали Қоқымбаев, Әлімжан Ерниязов, Габиль Халафов сияқты от пен суды бірге кешкен қарулас достары, өзі көрген соғыстың үлкен мектебінен өткен, қан майданның қатал тезінде сыналған үш арыстың былайғы жұртшылық біле бермейтін, бірақ Ауған соғысында аңызға айналған ерен ерліктерін суреттейді. Еңбек ел бірлігін, халықтар достығын дәріптейді.

Барлық 3 том байырғыдан бергіге дейінгі батырларымыздың ерлік жолын жас ұрпақ санасына берік ұялатуға, жастарды ойы озық, рухы берік етіп тәрбиелеуге үлес қосады. Жинақтардың тілі шұрайлы, мазмұны қызықты, тарихи құндылығы жоғары.

Айта кету керек, томдар Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Сардар» баспа үйінде басылып шықты.

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі