Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
23.10.2020

Мәжілісте қоғамдық кеңестер қызметіне қатысты дөңгелек үстел отырысы өтті


Нұр-Сұлтан, 23 қазан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте Қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер қаралды.

Бейнеконференция форматында өткен талқылау Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті қарайтын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде өтті.

Отырысты ашқан Мәжілістің бейінді комитетінің төрағасы Қанат Мусин «Қоғамдық кеңестер туралы» қолданыстағы заңды Парламент Мәжілісі депутаттары 2015 жылы «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына сәйкес әзірлегенін айтты.

Қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері бойынша талқылауға ұсынылған үкіметтік түзетулер 2019 жылғы қарашадан бастап Мәжілістің қарауында жатыр. Осыған байланысты Қанат Мусин қоғамдық кеңестер қоғам мен билік арасында сындарлы байланыс орнағанын, сондай-ақ, бүгінде елімізде 233 қоғамдық кеңес құрылғанын атап өтті.

Сонымен қатар талқылауға ұсынылған заң жобасының негізгі аспектілері туралы дөңгелек үстелге қатысушыларды Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов хабардар етті.

Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, Қоғамдық кеңестер туралы қолданыстағы заңнамада қоғамдық кеңестердің сандық құрамын белгілеу бойынша белгілі бір шеңберлер жоқ. Осыған байланысты орталық деңгейде 15-30 адам шегінде сандық құрамды айқындау, жергілікті деңгейде - Орталық сайлау комиссиясының мәслихаттардың сандық параметрлерін айқындау жөніндегі тәжірибесін, яғни халық санына байланысты пайдалану ұсынылады.

Бұдан басқа, қоғамдық кеңестерге кандидаттар қатарынан резервтік тізімді қалыптастыруға, шығып қалғандардың орнына жаңа мүшелерді сайлауға қосымша конкурсқа бастамашылық жасауға және оны өткізуге мүмкіндік беріледі.

Заң жобасына сәйкес қоғамдық кеңестерге олардың басымдығы мен қоғамдық маңыздылығына сәйкес норматиытік құқықтық актілердің жобалары мен өтініштерін қарау туралы шешімдер қабылдау құқығы беріледі. Жергілікті деңгейде-құқық қорғау органдары басшыларының ақпаратын тыңдау өкілеттіктерімен қамтамасыз етіледі.

Отырысқа қатысушылар Денсаулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің, Нұр-Сұлтан қаласының, Қарағанды және Түркістан облыстарының қоғамдық кеңестерінің атқарған жұмыс туралы айтып, осы саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізді.

Сондай-ақ, заң жобасы бойынша отырысты Қанат Мусин қорытындылап, талқылау барысында айтылған ұсыныстарды депутаттар заң жобасымен одан әрі жұмыс істеу барысында ескеретінін атап өтті.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, суретті түсірген С.Майлыбаев).

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі