Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
04.11.2020

Мәжіліс ел экономикасын дамытуға және халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жаңа заң жобаларын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 4 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда экономикалық өсуді қалпына келтіру туралы және қоғамдық кеңестердің қызметіне қатысты заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданып, Палата бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды.

Атап айтқанда, экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.     

Құжатта зейнетақымен қамтамасыз ету бойынша, азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емдеу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мақсаттарына пайдалануға, сондай-ақ жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беруге мүмкіндік беру бөлігінде түзетулер енгізу көзделеді.

Отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы қоғамда қызу талқыланған зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдаланууға мүмкіндік беруге бағытталған нормалар туралы айтты. 

Нұрлан Нығматулин аталған заң жобасының қабылдануымен осы мәселені шешу бойынша заңнамалық база құрылатынын атап өтіп:

-2021 жылдың басынан бастап зейнетақы қорының салымшылары өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беру үшін пайдалана алады, - деді.  

Осы норманы талқылау кезінде Мәжіліс депутаттары заң жобасында көзделген зейнетақы жинақтарының «жеткіліктілік шегін» белгілеу әдістемесіне қатысты мәселені көтерді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері түсіндіргендей, зейнетақы жинақтарының «жеткіліктілік шегін» айқындау әдістемесін Үкімет анықтайтын болады. «Жеткіліктілік шегін» белгілеудің басты мақсаты - азаматтарды зейнеткерлік жасқа толған кезде болашақта лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету мүмкіндігі.

Сонымен қатар, Мәжіліс Спикері зейнетақы жинақтарын пайдалану тетігі қолжетімді әрі түсінікті болуы тиіс екенін атап өтіп, алдағы уақытта мемлекеттік органдар осы талаптардың жүзеге асырудың нақты механизмдерін қалыптастыруы керек деді.

Сондай-ақ, бүгінгі жалпы отырыста қоғамдық кеңестердің қызметіне қатысты нормалар талқыланды.

Атап айтқанда, депутаттар қоғамдық кеңестер қазіргі уақытта мемлекеттік органдарда ғана емес, квазимемлекеттік секторға да қатысты  түзетулер енгізді.

Бұдан басқа, депутаттар қоғамдық кеңестерге квазимемлекеттік сектор субъектісінің даму стратегиялары мен жоспарларының жобаларын, бюджетінің атқарылуын, сатып алу комиссияларының қызметіне қатысумен қатар талқылау функциясын беруді ұсынады.

Осыған қатысты пікір білдірген Нұрлан Нығматулин бұл мәселелер әрдайым қоғамның назарында екенін айтып, аталған норма қоғамдық кеңестердің қызметіндегі елеулі ілгерілеушілікті білдіретінін жеткізді.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары заң жобасын әзірлеушілердің уәкілетті органның қоғамдық кеңестерге «басшылық етуді» жүзеге асыруын көздейтін тұжырымына қатысты алаңдаушылықтарын білдірді.

Мәжіліс Спикері атап өткендей, қоғамдық кеңестерде мемлекеттік органнан басшылық болмауы маңызды. Сонда ғана олардың жұмысының дербестік қағидаттары сақталады.

Екінші оқылым алдында жұмыс тобы осы норманың тұжырымдамасын нақтылауы керек.

Осыған қатысты сөзін қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы:

-Осы қоғамдық кеңестер  құрылған күннен бастап, республикалық, жергілікті деңгейде барлық мәселелерді тәуелсіз және ашық шешуге зор ықпал етіп келеді. Сондықтан, бүгін біз мақұлдаған заң жобасы, ең алдымен, қоғамдық кеңес жұмыстарын одан әрі күшейтуге серпін береді.  Сонымен бірге, қоғамдық диалогтың жаңа үлгісін қалыптастыруға жол ашады деп сенеміз, - деді.

-Айта кету керек, заң жобасының негізгі мақсаты – еліміздегі қоғамдық кеңестер институтын одан әрі дамыту, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауына азаматтық қоғамды тарту тетіктерін жетілдіру.

Сонымен қатар бүгінгі отырыста Мәжіліс депутаттары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Жалпы отырыста Палата бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңының жобасы және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыру мәселелеріне қатысты заң жобасы бар. Сондай-ақ, жол жүрісі мәселелері  мен «Астық туралы» заң жобаларын да жұмысқа алды. Мәжіліске келген жаңа заң жобаларының ішінде ратификациялық заң жобалары бар. Атап айтқанда, ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу (Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бөлігінде) және ЕАЭО туралы шартқа Арменияның  қосылуына байланысты өзгерістер енгізу туралы хаттамаларды  ратификациялау туралы заң жобалары.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары А.Перуашев, Ж.Ахметбеков, Р.Ким, К.Мұсырман, К.Абсатиров, А.Қожахметов, А.Қоңыров, М.Теміржанов мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген С.Майлыбаев).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі