Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
11.11.2020

Мәжіліс техникалық реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 11 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, бірқатар заң жобалары мақұлданды. Атап айтқанда, депутаттар «Техникалық реттеу» туралы және оған ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған маңызды құжатты талқылау барысында Палата Спикері жаңа заң жобасының салмақты тұстарына ерекше назар аударды. Бұл заң жобасы қазақстандық нарықты сапасыз тауарлардан  қорғауға бағытталғанын айта келіп:

-Ең бастысы, өнім қауіпсіз болу керек. Басқа мәселелер, мысалы, өнімге маркировка жасау. Ол жағдайды кәсіпкерлердің өздері шешетін мүмкіндігі бар. Ол үшін товарды қайтаруға, немесе өткізбеуге жол бермеу керек. Себебі, бұл кәсіпкерлер үшін өте үлкен шығын, - деді Нұрлан Нығматулин.

Атап айту керек, енді осы заң жобасына сәйкес, мемлекеттік бақылау өнімді өткізу сатысында ғана емес, оны еліміздің аумағына әкелгенге дейін жүргізетін болады.

Осыған орай:

-Жасыратыны жоқ, осыған дейін басқаша болды. Мысалы, кез-келген өнімді біз ең алдымен елге кіргіземіз де, содан кейін тексереміз. Қауіпті жағдай болса, сонда ғана анықтау басталады. Енді өнім Қазақстанға кірмей тұрып, мемлекеттік бақылаудан өтеді. Қауіпті жағдай анықталса, бірден ол тауарды әрине, қайтарамыз. Бұл өте маңызды, өте қажетті қадам. Сондықтан бұл норманы міндетті түрде қолдауымыз керек, - деді Мәжіліс Төрағасы.

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, заң жобасына енгізілген түзетулер тұтынушыларды қауіпті тауарлардан қорғауды күшейтеді.

Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар жауапты мемлекеттік органның басшысына бірқатар сұрақтарын қойды.

Еске сала кетейік, заң жобасы Мемлекет Басшысының жаңа редакциядағы техникалық реттеу туралы заңды дайындау қажеттігі туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.

Сонымен қатар бүгінгі жалпы отырыста ақпарат мәселелеріне қатысты заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасы телерадио хабарларын тарату, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіруге, сондай-ақ отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін дамытуға бағытталған.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың, әсіресе жергілікті деңгейде орындалу сапасын арттырудың маңыздылығына назар аударды.

Заң жобасында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Жарнама туралы», «Телерадио хабарларын тарату туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы», «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізу ұсынылып отыр.

Заң жобасында ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті органды айқындау және оның құзыретін бекіту, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындаушыларды (кәсіпкерлік субъектілері, өзін-өзі реттейтін және үкіметтік емес ұйымдар) ақпарат иеленушілерге жатқызу ұсынылады.

Жалпы отырыста Мәжіліс бірінші оқылымда біршама депутаттық заң жобаларын мақұлдады.

Олар «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» заң жобасына енгізілетін түзетулер.      

Заң жобасының негізгі мақсаттары кедендік операцияларды жасау уақытын қысқарту, ұсынылатын кедендік көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету, сыртқы саудаға жәрдемдесу, кеден органдарының ақпараттық жүйелерін одан әрі дамыту болып табылады.

Ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар, бірінші кезекте, мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерін қысқартуға және оларды электрондық форматқа көшіруге бағытталған.

Сонымен қатар, кеден органдарына тауарларды сыныптау бойынша қосымша функциялар беріледі, бұл, бірінші кезекте, тауарларды ЕАЭО ішінде орын ауыстыруға байланысты.

Бүгін Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларының ішінде Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері туралы заң жобасы бар.

Қылмыстық кодекске ұсынылып отырған түзету ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттарын орындауына байланысты адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігіне бағытталған.

Қылмыстық-процестік кодекске түзетулер процеске қатысушылардың пікірлерін ескере отырып, қылмыстық процесті электрондық форматта жүргізу; тергеу судьясының қамауда ұстауға санкция беру, санкция беруден бас тарту туралы қаулыларын қайта қарау кезінде ашық сот отырысын өткізу мүмкіндігіне және басқаларға бағытталған.

Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сотта, апелляциялық және кассациялық сатыда судьяға қарсылық білдіруге қатысты нормаларды жетілдіру ұсынылады.

Бүгінгі отырыста Палата депутаттарының бастамасымен әзірленген күзет қызметі мәселелері бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында күзет қызметтерін көрсету сапасын арттыруға, азаматтардың мүліктік және жеке құқықтарын қорғауды жетілдіруге және осы саладағы қолданыстағы заңнама нормаларының жекелеген сәйкессіздіктерін жоюға  бағытталған бірқатар түзетулер көзделеді.    

Сондай-ақ, бүгін жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мәселелері туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.     

Құжат жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу саласын жетілдіруге бағытталған. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мерзімін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастау ұсынылады.

Объектіні бұзуды растайтын құжаттарды ресімдеу тетігі көзделіп отыр, ол меншік иелеріне бұзылған жылжымайтын мүлік объектілеріне құқықтардың тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу үшін өтініш білдіруіне мүмкіндік береді. Ғимараттар мен құрылыстарды бұзу туралы актілерді есепке алуды жүргізу және тіркеу сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы жергілікті атқарушы органдарға жүктеліп отыр.

Электрондық тіркеу кеңейтілуде. Мүдделі органдарға жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін құқық белгілейтін құжаттардың электрондық көшірмелерін жіберуге мүмкіндік беріліп отыр.

Сонымен қатар депутаттардың бастамасын әзірленген қарыздық еңбекті реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасы екінші оқылымда мақұлданып,Палатаның бейінді комитеттері көрнекі ақпарат мәселелері туралы заң жобасын жұмысқа алды.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары Ж. Нұрманбетова, Д.Еспаева, М.Қазбекова және А.Перуашев мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі