Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.01.2021

Мәжіліс Мемлекет Басшысына Асқар Маминді Премьер-Министр етіп тағайындауға келісім берді


Нұр-Сұлтан, 15 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін VII сайланған Парламенттің алғашқы жалпы отырысында Мәжіліс депутаттары Мемлекет Басшысына Асқар Маминді Премьер-Министр етіп тағайындауға келісім берді.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады. Осыған байланысты, Президентке елдің Премьер-Министрін тағайындауға келісім беру туралы мәселе Мәжілістің алғашқы жалпы отырысының күн тәртібіне енгізілді.

Мемлекет Басшысы Парламент Мәжілісінің отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, атқарушы билік тармағының пандемия салдарынан болған жаһандық дағдарыс жағдайындағы іс-әрекетіне баға берді.

Үкімет дағдарысқа қарсы жоспарды тиімді жүзеге асырды. Соның арқасында жұмыссыздықтың көбеюіне, халық табысының жаппай төмендеуіне жол берілмеді. Бұл шаралар тиімді болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет Басшысы еліміздегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты және қаржы жүйесінің орнықты екенін атап өтті.

Қазақстан Президенті Үкімет пен Мәжілістің жаңа құрамы экономиканың ұзақ мерзімді өсімін қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса көңіл бөлуі тиіс екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Үкіметтің тиімді және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында ел Конституциясының 44-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындауға келісім беруі үшін  Асқар Маминнің кандидатурасын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды.

Мемлекет Басшысы өзінің шешімін түсіндіре келе, Асқар Маминнің білікті әрі тәжірибелі, еңбекқор, талапшыл және парасатты мемлекеттік қызметші екенін атап өтті.  

Ол алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді жақсы түсінеді. Оның Үкіметтегі нәтижелі жұмысысоның айқын дәлелі, – деді Президент.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс депутаттарына өзі ұсынған кандидатураны қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, Асқар Маминді жауапты лауазымға тағайындалуымен құттықтады.

Депутаттар алдында сөз сөйлеген Асқар Мамин көрсетілген сенім үшін алғысын білдіріп, одан әрі де тиімді де нәтижелі жұмыс істейтінін айтты.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі