Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
21.01.2021

Ж.Нұрманбетова: отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын кері қайтарып, пысықтау қажет деп есептеймін


Нұр-Сұлтан, 21 қаңтар, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрағасы Жәмилә Нұрманбетова «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын азаматтық қоғам өкілдерімен және сарапшылармен бірлесіп пысықталатынын хабарлады. Қоғамда қызу талқыға түскен заң жобасы туралы Палатаның жаңа комитет төрағасы өзінің facebook-тағы парақшасында жариялады.

«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жаңадан сайланған төрағасы ретінде осы күндері «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының негізгі ережелерін егжей-тегжейлі және сындарлы түрде зерттедім.

БАҚ-та сарапшылар да, азаматтық қоғам өкілдері де айтқан пікірлерді, сондай-ақ азаматтардың көптеген өтініштерін талдап қарадым. Барлық объективті ұсыныстарды, пікірлер мен мәлімдемелерді таразылай отырып, аталмыш Заң жобасының редакциясын кері қайтарып, бірлескен жұмысты бастауға болады деп ойлаймын.

Мемлекет басшысының жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдату қажеттігі туралы тиісті тапсырмасы бар.

Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында отбасы институтын нығайтуға бағытталған үлкен бөлім бар, онда тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту бойынша қатаң шаралар қабылдау туралы айтылған.

Осыған байланысты «Nur Otan» партиясы фракциясының пікірталас алаңында барлық мүдделі тұлғаларды, соның ішінде азаматтық қоғам өкілдері мен белсенділерін, тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, осы әлеуметтік маңызы бар тақырып бойынша алдын ала кеңінен талқылау жүргізуді ұсынамын.

Жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша біз отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың пәрменді тетігін құратын заң жобасының жаңа моделін бірлесіп әзірлейтінімізге сенімдімін».

(https://www.facebook.com/jamilya.nurmanbetova/posts).

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі