Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
10.03.2021

Мәжіліс бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады


ЌАЗАЌСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МЈЖІЛІСІНІЅ

Нұр-Сұлтан, 10 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады.

Отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Нұрлан Нығматулин заң жобасын талқылау кезінде осыдан бір апта бұрын Қырғыз Республикасының Президенті елімізге мемлекеттік сапармен келіп, қос мемлекет басшыларының  екі елдің аумағы арқылы азаматтар мен көлік құралдарының еркін қозғалысы мен транзиті үшін келісілген шаралар қабылдаудың маңыздылығы туралы айтқанын атап өтіп:

-Бұл заң жобасы екі ел үшін де өте маңызды. Себебі, біздің мемлекеттеріміздің өзара әріптестігі барлық салада өте тығыз. Мысалы, былтыр Қырғызстаннан біздің елімізге 250 мың азамат келген болса, ал, Қырғыз еліне Қазақстаннан 175 мың азамат барған. Мәселені нақтылап айтқанда, елдеріміз арасындағы көші-қон мәселесін дұрыс реттеу үшін осы Келісімді ратификациялап отырмыз, - деді Мәжіліс Төрағасы.

Палата Спикерінің айтуынша, аталған Келісімді ратификациялау заңсыз көші-қонға қарсы күресте екі ел ынтымақтастығының, көші-қон процестерін реттеудің, қос азаматтық фактілерінің жолын кесудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бүгін Палата депутаттары «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Құжат нормаларын талқылау барысында депутаттар осы саладағы заңсыз айналым үшін жауапкершілік бөлігінде заңнаманы үйлестіру туралы мәселені көтерді.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанда бағалы металдар мен тастардың заңсыз айналымы үшін баптар қылмыстық сипаттан арылтылған, ал мысалы, Ресей мен Беларусь елдерінде осындай құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгеніне назар аударды.

- Бізде тек ғана әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірақ та, құнды металдарды ұрлау мен олардың заңсыз айналымы төмендемей отыр. Керісінше, олардың саны жылдан жылға өсуде, - деді.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, мысалы, тек «Қазақ Алтын» кәсіпорнында 2015-2020 жылдар аралығында 32 мыңнан астам заңсыз іздеушілер ұсталған.

2019 жылдың ақпан айынан бастап 2020 жылдың қыркүйек айына дейін 5 722 заңсыз іздеуші ұсталып, полицияға тапсырылса, олардың 80% - ы қайтадан қылмыс жасаған.

Нұрлан Нығматулин қылмыскерлерге әкімшілік қамау да, айыппұлдар да тосқауыл бола алмай отырғанын алға тарта келіп, заңсыз іздеушілерді айыппұлдармен тоқтата алмайтынымызды тәжірибе көрсетіп отырғанына назар аударды.

Мысалы, сарапшылардың бағалауы бойынша бізде заңды түрде өндірілген әрбір 3 тонна алтынға заңсыз өндірілген 1 тонна келеді.

Мәжіліс Төрағасы заңсыз әрекеттерге қарсы түрлі шаралар қабылданып жатқанымен тиісті нәтиже бермей отырғанын айтты. 

Осыған орай, құзырлы орган өкілдеріне жазаны күшейтуге қатысты нақты ұсыныстар қажеттігін және ол депутаттар тарапынан қолдау табатынын ескертті.

Айта кету керек, Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктерін айқындайды. Сондай-ақ заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлер ретінде тіркелген жеке тұлғалардың бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру жөніндегі қызметіне байланысты құқықтық қатынастарға қолданылады.

Жалпы отырыста Палатаның комитеттері Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.

Сондай-ақ, Мәжіліс өнеркәсіптік қауіпсіздік, индустриялық аймақтар, жануарлар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, энергетика, табиғи монополиялар және ішкі істер органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері мәселелеріне қатысты заң жобасына Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: А.Жамалов, А.Милютин, Е.Смайлов, А.Перуашев, А.Жұмабаева, Ж.Ахметбеков, С.Решетников, Е.Смышляева, А.Сембинов, М.Тажмағамбетова, Ш.Осин, А.Қоңыров, Е.Абақанов, З.Камасова, А.Бердалин.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).

 

 



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі