Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
05.01.2023

Мәжілісте Қаңтар оқиғасының мән-жайы айтылды


Астана, 5 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте депутаттар өткен жылдың қаңтар айында болған қайғылы оқиғаға қатысты Бас прокурор мен құқық қорғау органдары басшыларының ақпаратын тыңдады. Аталған іс-шара осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Бұл «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының сауалына ауызша жауап болды. Отырыс Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.

Негізгі баяндаманы еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов жасады. Ол бұл оқиғаны мемлекеттік төңкеріс әрекеті деп бағалады және тергеу аяқталуға жақын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталды.

- Тергеу органдары оқиға хронологиясын, негізгі ұйымдастырушыларды анықтады. Олардың ішінде жоғары лауазымды тұлғалар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері болған. Барлық қаза болғандардың кім екенін, олардың  қайтыс болу себептерін зерттедік. Қару-жарақты іздестіру жұмысы жалғасуда, – деді Берік Асылов.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов тәртіпсіздік барысында ұсталған 255 адам жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша босатылғанын хабарлады.

- Полиция қаңтар айындағы оқиғаларға байланысты 4623 қылмыстық істі тергеді. Оның көпшілігі кісі өлтіру (91), ұрлық (2504), қару-жарақтың заңсыз айналымы (440), вандализм (368), бөтен адамның мүлкіне қасақана зиян келтіру (188), – деді министр.

Отырыста қаңтардағы оқиғаларды тәуелсіз тергеумен айналысатын қоғам белсенділеріне, сондай-ақ оқиғаның бел ортасында жүріп, сол күндердің тікелей куәгерлері болған полицейлерге, дәрігерлерге, кәсіпкерлерге және еріктілерге сөз берілді.

Депутаттар баяндамашылар мен құзырлы мемлекеттік органдар өкілдеріне халық көкейінде жүрген өзекті сұрақтарды қойды. Еділ Жаңбыршин қақтығыс кезінде бұрмаланған фейк ақпараттар бірнеше мақсатта таралғанын атап өтті.

- Қазақстан халқының, халықаралық қауымдастықтың алдында Президенттің беделін түсіру. Елімізде атқарылып жатқан саяси және экономикалық трансформациялар ескі билікке тиімсіз екені даусыз. Сондықтан мұндай жалған ақпараттар тарату арқылы оң өзгерістерге халықты қарсы қойып, кедергілер келтіру, – деді депутат.

Депутат Ерлан Саиров қаңтардағы оқиға жүйелі әділетсіздіктен шаршаған азаматтардың бейбіт наразылығынан басталғанына назар аударды.

- Азаматтардың бейбіт, әділ  талаптарын реваншисттер өз мақсатында пайдаланып кетті. Олардың саяси-экстремистік  арандату іс-әрекеттерінің нәтижесінде жаппай тәртіпсіздікке жол берілді, мемлекеттік органдарға қарулы шабуыл жасалды, Алматы мен басқа да қалалар зардап шекті, – деді Ерлан Саиров.

Өз кезегінде бұл пікірді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым да қолдады. Ол бейбіт шеру мен жаппай тәртіпсіздікті, бейбіт наразылық пен мемлекеттік төңкерісті шатастыруға болмайтынын айтты.

Отырысты қорытындылай келе, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттарға Қаңтар оқиғасы билікті басып алудың мұқият жоспарланған әрекеті екенін анық дәлелдейтін фактілер ұсынылғанын атап өтті. Ал оны ұйымдастырушылар адамдарды және бейбіт митингілерді пайдаланып кеткен.

– Бұл, ашығын айтқанда, Тәуелсіздікке жасалған қастандық болатын! Бірақ Президентіміздің ерік-жігері, халқымыздың ақыл-парасаты мен бірлігі,  қатардағы полицейлердің, дәрігерлердің, еріктілердің ерлігі арқасында біз мемлекеттігімізді қорғап, бейберекетсіздікке жол бермедік, – деді Ерлан Қошанов.

Басқосу соңында Мәжіліс Төрағасы Қаңтар оқиғасының болашақта қайталанбауы үшін сабақ алу маңызды екеніне мән берді.

Жиын республикалық телеарна мен интернет арқылы тікелей эфирде көрсетілді.

Жалпы отырыс алдында тергеу барысында табылған қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылды.

Сондай-ақ көрмеге тәртіпсіздік кезінде полицейлердің бүлінген киімдері – қалқандар, бас киімдер, оқ өткізбейтін кеудешелер қойылды.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-01, суретті түсірген  Ж.Жұмабеков

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі