Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Сенат тарихы

Қазақстан Республикасының Парламенті Республиканың заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы болып табылады.

Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталады және жаңа сайланған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталғанда аяқталады.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенат пен Мәжілістен тұрады. 

Сенатты әрбір облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында екі адамнан сайланатын депутаттар құрайды. Сенат депутаттарының тең жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады. 

1996 жылғы қаңтардан 2007 жылғы тамызға дейін Республика Президенті  Сенаттың 7 депутатын тағайындайтын. 

2007 жылғы конституциялық реформаға сәйкес 2007 жылғы тамыздан бастап Республика Президенті Сенаттың тағы 8 депутатын тағайындайтын болды. 

Осылайша, 2007 жылдың тамыздан 2023 жылдың қаңтарына дейін Сенаттың 15 депутаты Республика Президенті тағайындатын. 

2022 жылғы конституциялық реформаға сәйкес ел Президенті тағайындайтын Сенат депутаттарының саны 15-тен 10-ға дейін қысқартылды. 

2023 жылғы қаңтардан бастап Республика Президенті Сенаттың 10 депутатын тағайындайды, оның 5-і Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша.

 

Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі 1998 жылғы қазанға дейін төрт жыл болды, 1998 жылғы қазаннан бастап – алты жыл.

Парламент өкілеттігінің мерзімі кезекті сайланған Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімімен айқындалады.

Мәжіліс депутаттарының өкілдігі бес жыл.

 

БІРІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМ

(1996 жылғы қаңтар – 1999 жылғы қараша)

Бірінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі 1996 жылғы 30 қаңтарда бірінші сессияның ашылуымен басталып, екінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні 1999 жылғы 30 қарашада аяқталды.

1995 жылғы желтоқсанда болған сайлауда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 40 депутаты - Қазақстан Республикасының 19 облысынан және астанасынан 2 адамнан сайланды. Сенаттың жеті депутатын Республика Президенті тағайындады.

1995 жылы 2 жылға сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты, 1997 жылғы 8 қазанда Сенат депутаттарын 4 жылға сайлау болып өтті.

Облыстардың оңтайландырылуы нәтижесінде республиканың 14 облысы мен Алматы қаласы бойынша сайлау тағайындалды.

1997 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына 15 депутат сайланды.

Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялануына байланысты 1998 жылғы 11 ақпанда Ақмола қаласы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы болып өтті.

 

ЕКІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМ

(1999 жылғы желтоқсан – 2004 жылғы қараша)

Екінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі оның 1999 жылғы 1 желтоқсанда бірінші сессиясының ашылуымен басталып, үшінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні 2004 жылғы 2 қарашада аяқталды.

1995 жылы 4 жылға сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты 1999 жылғы 17 қыркүйекте Сенат депутаттарын 6 жылға сайлау болып өтті.

1997 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіктері конституциялық нормаларға сәйкес екінші сайланымда 2002 жылғы желтоқсанға дейін жалғасты.

 

ҮШІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМ

(2004 жылғы қараша – 2007 жылғы қыркүйек)

Үшінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттіктері 2004 жылғы 3 қарашада оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, төртінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні 2007 жылғы 1 қыркүйекте аяқталды.

2005 жылғы желтоқсанда 1999 жылғы 17 қыркүйекте сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты 2005 жылғы     19 тамызда Сенат депутаттарын сайлау болып өтті.

2002 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіктері конституциялық нормаларға сәйкес үшінші сайланымда  жалғасты.

 

ТӨРТІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМ

(2007 жылғы қыркүйек - 2012 жылғы қаңтар )

Төртінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі 2007 жылғы 2 қыркүйекте оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, бесінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні 2012 жылғы 19 қаңтарда аяқталды.

2007 жылғы мамырда Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес 2007 жылғы 29 тамызда ел Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының тағы 8 депутаты тағайындалды.

2002 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіктері төртінші сайланымда 2008 жылғы желтоқсанға дейін жалғасты.

2005 жылы сайланған және тағайындалған Сенат депутаттарының өкілеттіктері 2011 жылғы қыркүйекке дейін жалғасты.

2011 жылғы 19 тамызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайланатын жартысы бойынша кезекті сайлау өтті.

2011 жылғы 23 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 7 депутаты тағайындалды, олардың өкілеттігі 2017 жылы  аяқталады.

 

БЕСІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМ

(2012 жылғы қаңтар – 2016 жылғы қаңтар)

Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі 2012 жылғы 20 қаңтарда оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, алтыншы шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталуымен аяқталды. 

Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші сайланымында 2008 жылы және 2011 жылы сайланған, 2007 жылы және 2011 жылы тағайындалған Сенат депутаттарының өкілеттігі, конституциялық нормаларға сәйкес,  жалғаса береді.

2013 жылғы 26 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2007 жылғы тамызда тағайындалған Сенат депутатының өкілеттігі аяқталуына байланысты  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 8 депутаты тағайындалды.

2014 жылғы 1 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Сенат депутаттарының сайлауы өтті.

2014 жылы сайланған депутаттарын тіркеуге байланысты 2008 жылы сайланған депутаттардың өкілеттігі тоқтатылды. 

 

АЛТЫНШЫ ШАҚЫРЫЛЫМ

(2016 жылғы наурыз – 2021 жылғы қаңтар)

Алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі 2016 жылғы 25 наурызда оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, жетінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталуымен аяқталды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші сайланымында 2011, 2014 жылдары сайланған, 2011, 2013 жылдары тағайындалған Сенат депутаттарының өкілеттігі, конституциялық нормаларға сәйкес, жалғаса береді.

2017 жылғы 28 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Сенат депутаттарының сайлауы өтті.

2017 жылы сайланған депутаттарын тіркеуге байланысты 2011 жылы сайланған депутаттардың өкілеттігі 30 маусымда тоқтатылды.

2018 жылғы қазанда Шымкент қаласынан, республикалық маңызы бар қала ретінде, екі Сенат депутатының сайлауы өтті.

2020 жылғы 12 тамызда Сенат депутаттарының сайлауы өтті.

2020 жылғы сайланған депутаттарын тіркеуге байланысты 2014 жылғы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттігі 28 тамызда тоқтатылды.

 

ЖЕТІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМ

(2021 жылғы қаңтар - 2023 жылғы наурыз)

Жетінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі 2021 жылғы 15 қаңтарда оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, сегізінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталғанда аяқталды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің алтыншы шақырылымдағы 2017 және 2020 жылдары сайланған, 2017 және 2019 жылдары тағайындалған Сенат депутаттарының өкілеттігі, конституциялық нормаларға сәйкес жалғаса береді.

Республикада үш жаңа облыстың құрылуына байланысты осы облыстардан Сенат депутаттарының сайлауы белгіленді. 2022 жылғы 24 тамызда жаңа алты Сенат депутатының сайлауы өтті.

2023 жылғы 14 қаңтарда Сенат депутаттарының сайлауы өтті, сайлау нәтижесі бойынша Орталық сайлай комиссиясы 2023 жылғы 25 қаңтарда сайланған Сенат депутаттарын тіркеді. Жаңадан сайланған депутаттардың тіркелуіне байланысты 2017 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттігі төқтатылды.

2022 жылғы маусымда Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес 2023 жылғы 24 қаңтарда Республика Президенті Сенатының 10 депутатын тағайындады. 2017-2021 жылдары тағайындалған Сенат депутаттарының өкілетіктері тоқтатылды.

 

СЕГІЗІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМ

(2023 жылғы наурыз -)

Сегізінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі 2023 жылғы 29 наурызда оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, төғызыншы шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталғанға дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Парламентінің алтыншы шақырылымдағы 2020 және 2023 жылдары сайланған, 2023 жылы тағайындалған Сенат депутаттарының өкілеттігі, конституциялық нормаларға сәйкес жалғаса береді.